Елорда жаңалықтары

Елордалық жас сарбаздар ант қабылдады

ҚР ҚК ұлттық әскери патриоттық орталығында №71 мектеп-лицейі тәрбиеленушілерінің «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі қатарына қосылу рәсімі өткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған іс-шараны Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар бұл іс-шараның мақсаты жасөспірімдердің әскери-патриоттық сезімдерін ояту, жастардың санасын жаңғырту, төл тарихын білетін, бүгінін бағалайтын, Тәуелсіздігін көзінің қарашығындай қорғайтын ұлағатты жас өрендердің қатарын толықтыру екенін айтты.

 

Алдымен, ҚР Мемлекеттік Гимні шырқалды. Іс-шараға арнайы келген ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нагуманов жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

«Бүгін жас сарбаздар ант қабылдағалы отыр. Ал ант қабылдайтын адам әрқашанда антына берік болуы керек. Сіздердің осы қадамдарыңыз патриоттық сезімдеріңіздің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Еліміз мәңгілік ел болсын!» - деп құттықтады жас сарбаздарды М.Нагуманов.

 

Мектеп-лицей тәрбиеленушілерінің ант қабылдау рәсімінен кейін «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық   бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев жас сарбаздарға куәліктерді табыс етті.

«Бүгін келешек ұрпақ Рақымжан атамыздың 100 жылдығы қарсаңында тәуелсіз Отанымыздың жарқын болашағына өз үлесін қосуға салтанатты түрде ант қабылдады. Өмірлеріңізде бірінші рет ант қабылдауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын.  Бүгін сіздер жас сарбаз ғана атанған жоқсыздар, еліміздің нағыз патриоты болдыңыздар. Сондықтан да сіздер Бауыржан атамыздың «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзін берік ұстануларыңыз керек. Өйткені тәуелсіз Қазақстанның тұғыр-тірегі, үкілі үміті  – сіздерсіздер.

Бүгінгі мереке туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Барлығыңызға еліміздегі әскери-патриоттық жұмысты жандандыруға қосқан еңбектеріңіз үшін алғысымызды білдіре отырып, сіздерге толағай табыс, ынтымақтастық пен береке тілеймін!» - деді Мейірбек Меңдіғалиев.