Елорда жаңалықтары

Елордалық зейнеткерлер этноауылда өнер көрсетті

«Ұлы дала дүбірі» V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері этноауылда концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сарыарқа ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Кенжеболат Бапишевтің айтуынша, бүгінгі мерекелік шараға ауданнан 100 зейнеткер қатысып жатыр.

«Бүгінде елордамызда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны жалғасып жатыр. Осыған орай қаладағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз әжелері мен аталары концерттік бағдарлама ұсынуда. Сарыарқа ауданынан 100 зейнеткер қатысып отыр. Жалпы бұл мереке қазақ халқын әлемге танытуға мүмкіндік береді.  Зейнеткерлердің мұндай шараға қатысуы оларды әлеуметтендіруге, жасы үлкен болса да белсенді болуға шабыт береді», - дейді орталық басшысы.


Көшпенділер ойынының қонақтары мен көрермендеріне арналған концертте зейнеткерлерден құралған «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ, сәнқой әжелерден құралған «Kerbez_models» тобы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі мен «Кел, шырқайық!» тележобасының бас жүлдегерлері «Әдемі» вокалдық ансамблі де көрермен ықыласына бөленді.

Сонымен қатар концерттік шарада 50-ге жуық спортшы ата-әжелер «Айкүне» қазақ гимнастикасын көрермен назарына ұсынды. Қойылымға қазақ гимнастикасының авторы, дәстүрлі түрік медицинасының шебері, ұстаз Абай Баймағамбетов өзі жетекшілік етті.

Одан бөлек, этноауылда қолөнерші әжелер көрмеге өз қолымен жасаған бұйымдарды ұсынды. Ал ерікті зейнеткерлер көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық жұмыстарға атсалысып жатыр.