Елорда жаңалықтары

Елордалық студенттер Астанада өткен «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Astana IT University студенттері «Таза Қазақстан» экоакциясын қолдап, Ақмешіт – Орынбор – Түркістан – Керей және Жәнібек хандар көшелерінің ортасында орналасқан бос жер аумағын тазалауға шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экоакцияны Жастар саясаты басқармасы мен Astana IT университеті экологиялық мәдениетті арттыру және қалалық ортаны абаттандыру мақсатында ұйымдастырды.

Акция барысында қатысушылар тұрмыстық қоқыстарды жинап, аумақты пластикалық қалдықтар мен қураған өсімдіктерден тазартты. Студенттер мұндай іс-шаралар қаланы таза етіп қана қоймай, жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеясына жұмылдыруға септігін тигізетінін атап өтті.

«Біз Astana it University студенттерінің бастамашылық танытып, өз ауданын абаттандыруға атсалысуға дайын екендігіне қуаныштымыз. Мұндай акциялар жастардың бойында жауапкершілік пен ұйымшылдық сезімін қалыптастырады, сондай-ақ басқа тұрғындарды игі істер жасауға шабыттандырады», - деді Astana IT University әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінің директоры Арман Кенжебеков.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға белсенділік танытқаны үшін алғыстарын білдіріп, бұл сенбілік елорда студенттері арасында тазалық пен табиғатқа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экологиялық бастамалардың бір бөлігі болғанын атап өтті.