Eлордалық прокуратура әлеуметтік нысандардың пайдалануға берілуіне ықпал етті
Прокуратура органдарының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу. Осы жұмыс аясында елордалық прокурорлар сауда орталығы мен медициналық мекеменің пайдалануға берілуіне жәрдем көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Түркиядан келген инвестор «TUKA» ЖШС «NCity» сауда орталығын салған.
Шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 15 млрд теңгені құрады.
Алайда, жер учаскесінің нысаналы мақсаты тек құрылыс жұмыстарын жүргізуді көздеген, пайдалануға беруді қарастырмаған.
Бұл жағдай салынған нысанды тіркеуге кедергі келтірді.
«Прокуратура қабылдаған шаралардың аясында инвесторға нысаналы мақсатын өзгертудің қажеті болмай, нысанды пайдалануға беру уақытын 6 айға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.
Нәтижесінде шетелдік инвестор шамамен 200 жаңа жұмыс орнын ашты», - делінген хабарламада.
Ұқсас қолдау «B&A contractors SA» ЖШС салған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың пайдалануға берілуі кезінде де көрсетілді (жобаның құны 146 млрд теңге, 235 жұмыс орны құрылды).
Инвесторлардың өтініштеріне жедел жауап беру және қарау мақсатында елорда прокуратурасының Фронт-офисі жұмыс істейді. Байланыс нөмірі: 8-7172-71-24-67.