Елорда жаңалықтары

Елордалық полицейлер «грантқа түсіремін» деп ақша алған күдіктіні ұстады

Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы ауданының қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері азаматтардың ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 21 жастағы жасөспірімді анықтап, ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қала тұрғыны елордадағы беделді жоғары оқу орындарының біріне грантқа түсіруге уәде берген. Ол жәбірленушілердің барлығының шетелде білім алып жатқанын пайдаланып, осы салада таныстары бар екенін мәлімдеген. «Грантқа аударуға көмектесемін» деген желеумен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында қылмыстық ниетпен ақша талап етіп, алдап кеткен.

«Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 7 миллион теңгені құрайды. Жас жігіт жасаған қылмысын мойындады. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған азаматтың осыған ұқсас 15 эпизодқа қатысы бар екені анықталды», - делінген хабарламада.

 Астана қаласы полиция департаменті елорда тұрғындарын алаяқтардың айласына түсіп қалмауды сұрайды. Егер сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасалса, дереу 102 арнасы бойынша полицияға хабарласыңыз.