Елорда жаңалықтары

Елордалық полицейлер есірткі таратушыларды ұстады

Елордада полиция камераның көмегімен есірткі таратушыларды ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елордада нашақорлыққа қарсы айлық аясында прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлері бірқатар есірткі қылмыстарының жолын кесті. Соның нәтижесінде ірі көлемде есірткі жеткізу арнасы анықталып, тоқтатылды.

Жедел басқару орталығының бейнебақылау операторлары күдікті әрекеттерді дер кезінде байқап, тиісті шара қолданды. Гараж маңында ер адам мен әйелдің жерден бір нәрсе іздеп жүрген қимылы күдік туғызған. Тексеру барысында олардың интернет арқылы тапсырыс берген «альфа-PVP» есірткісін жасырын мекенжайдан алмақ болғаны белгілі болды.

Тағы бір жағдайда бейнекамераға жас жігіттің күдікті әрекеті жазылып қалған. Оқиға орнына жедел жеткен полиция 20 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның жанынан «Скорость» деп аталатын есірткі заты салынған 10 түйіншек тәркіленді. Тергеу нәтижесінде жігіттің есірткіні таратушы ретінде жұмыс істегені анықталды. Сонымен қатар жедел-іздестіру шаралары барысында 34 жастағы ер адамның ізіне түскен полицейлер оның оңтүстік өңірден ірі партиямен есірткі қабылдап, елорда аумағында таратумен айналысқанын әшкереледі.

Тыйым салынған заттар оған делдалсыз, жол бойына жасырылып қойылатын тәсілмен жеткізіліп отырған. Күдіктінің пәтерін тінту кезінде 21 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 11 келі гашиш пен 10 келі марихуана бар. Сараптама қорытындысы ер адамның оқиға кезінде есіркілік мас күйде болғанын көрсетті. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Барлық дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.