Елордалық оқушылар «Жас сарбаз» қозғалысының қатарына қосылды
Астана қаласының №13 жалпы білім беретін мектебінде 15 жетінші сынып оқушысының «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы қатарына қосылу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара отансүйгіштікке тәрбиелеуге және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған «Біртұтас ел – біртұтас жер» идеологиялық қағидатын іске асыру шеңберінде өтті.
Салтанатты іс-шара құрамында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Әскери білім және ғылым департаменттері офицерлерінің, Ұлттық әскери-патриоттық орталық, Әскери-тарихи музейдің және осы мектепті қолдаушы Арнайы операциялар күштерінің өкілдері бар ақпараттық-түсіндіру тобының белсенді қолдауымен ұйымдастырылды.
Оқушылар жас патриоттың ант сөздерін толқып, мақтанышпен айтты. Оларды 32039 әскери бөлімінің офицері, подполковник Ризабек Еламанов айтулы күнмен құттықтап, балаларға Арнайы операциялар күштері қолбасшысының алғыс хаттарын табыс етті.
– Бүгін сендердің алдарыңда үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Барлық күш-жігерлерің мен қабілеттеріңді биік мақсатқа – еліміздің лайықты азаматтары болуға жұмсаңдар. Отанымыздың көркею жолындағы сендердің әр жетістіктерің бізді қуантады, – деді подполковник Р. Еламанов.
Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті басқармасының аға офицері, полковник Талғат Құлманов жас патриоттарға арнаған сөзінде жастармен жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
– Патриотизм жай сөз емес. Бұл еңбек ету, борышты өтеу және Отанды қорғауға дайын болу. «Жас сарбаз» қозғалысының арқасында біз еліміздің нағыз патриоттарының санасын оятып, рухын қалыптастырамыз, – деді ол.
Әскери білім және ғылым департаментінің майоры Рүстем Төлегенов еліміздің жоғары әскери оқу орындарына түсу мәселелеріне қатысты оқушыларға түсіндірме әңгіме өткізіп, мерзімді әскери қызмет өткергендерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
– Әскери мансап – жауапкершіліктің, тәртіптің және Отанға қызмет етудің жолы. Мемлекет жастардың еліміздің Қарулы күштерінде өз әлеуетін іске асыруы үшін барлық жағдай жасайды, – деді майор Р. Төлегенов.
Іс-шара барысында балаларды дрондармен және роботтандырылған жүйелердің жұмысын, қоян-қолтық ұрыс элементтерін, медициналық көмек көрсету, сондай-ақ жауынгерлік техниканың тұсаукесері ерекше қызықтырды.
Аталмыш іс-шара ел Қарулы күштерінің жауынгерлік дәстүрлері мен абыройын бейнелейтін құрмет қарауыл ротасының дефилесімен аяқталды.