Елордалық оқушылар күзгі демалысты қалай өткізіп жатыр
Жаңа оқу жылының алғашқы демалысы – күзгі каникул – балалар асыға күтетін мезгіл. Елордалық оқушылар күзгі демалысты әртүрлі бағытта өткізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Музейге барды
Астана қаласы әкімдігінің №60 мектеп-лицейінің 8-10 сынып оқушылары каникул кезінде Республикамыздың Ұлттық мұражайына саяхат жасап қайтты. Саяхат барысында оқушылар ежелгі дәуірден бастап, осы күнгі кезеңдегі түрлі экспонаттарды тамашалады. Мұражай қызметкері әр залдағы заттар мен экспонаттардың шығу тарихымен таныстырды. Әсіресе олар «Алтын адам» экспонатынан өте қатты әсер алды. Экскурсовод қазақтың зиялылары қолданған заттар мен бұйымдарға ерекше тоқталып, мазмұнды айтып берді. Ежелгі адамдардың қолданған заттары мен әшекейлері де оқушыларға қатты ұнады.
Президент Орталығында болды
Елордадағы № 79 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушылары сынып жетекшісі А. Қасымовамен бірге «Күзгі демалыста «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында Қазақтан Републикасының Президенттік орталығына барды. Орталық бірнеше кешендерден тұрады. Мысалы мұражай, кітапхана және оқу залы.
Мұражайдағы қазіргі Қазақстан тарихы бойынша өткен танымдық экскурсияда оқушылар Президент институты туралы көптеген қызықты ақпараттармен танысты. Тарихи құжаттарды, Мемлекет басшыларының кездесулерінің фотосуреттерін, түрлі елдер президенттерінің сыйлықтарын көрді. Сондай-ақ, музыка залында ұлттық аспаптар, спорт залында олимпиада чемпиондарына арналған экспонаттарын тамашалады.
Депутаттармен кездесті
101 жайлы мектептің оқушылары демалыс уақыттарын пайдалы өткізуде. 9 «Б» сынып оқушысы Орал Рамазан Respublica партиясының ұйымдастыруымен JasREPUBLIC CUP тұңғыш Ұлттық дебат турнирін жеңімпаздарымен бірге Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне экскурсияға барды. Іс шарада еліміздің жоғарғы өкілдік органының тарихымен депутаттардың маңызды шешімдер қабылдайтын пленарлық отырыс залдарын аралап, жұмыс тобында және комиссияларда өткізіліп жатқан кездесулерге арналған залдардың қалай жабдықталғанын көріп, халық қалаулыларымен еркін форматта өткен кездесуде мектеп оқушылары партиялық фракция өкілдерімен әңгімелесіп, түрлі сұрақтарын қойды, депутаттардың қызметімен жақынырақ танысты. Бұл экскурсия оқушылар үшін өте қызықты болды, олардың болашақта ел өміріне белсене араласуына жігер берді.
Демалысын спортқа, өнерге арнады
Күзгі демалыс жоспары аясында №28 мектеп-лицейінде спорттық жарыстар өткізілуде. Бүгін ұлттық ойындар, волейбол және баскетболдан жарыстар өтті.
Жаңа оқу жылында ашылған жайлы мектеп – №106 орта мектебінде де оқушылар домбыра үйірмесіне қатысып, мектептегі спорттық іс-шараларға белсене қатысуда. Техникаға қабілетті балалар Информатика пәнінің мұғалімдері Орал Исмаилов пен Эльмира Нұрмұханбетованың жетекшілігімен арнайы сабақтарға қатысып, білімдерін шыңдауда. Жуырда мектепте робототехникадан қызықты семинар-тренинг өткізілді.
М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясында «Мұрагер» домбыра үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірме аптасына 3 рет жүреді. «Мұрагер» домбыра үйірмесі «Шаттық-2023», «Шаттық-2024» байқауының күміс жүлдегерлері. 2024 жылы «Хабар» арнасындағы «Оян» бағдарламасында өз өнерлерін көрсетті. Мектепте «Бес асық» театр үйірмесі жұмыс жасайды. Аптасына 3 рет өткізілетін үйірме жемісті жұмыс істеп, жетістіктерге жетуде. 2024 жылы өткен «Театрдың ғажайып әлемі» байқауының 2-орын жүлдегерлері. «Шаттық-2023» байқауының күміс, «Шаттық-2024» байқауының алтын медаль иегерлері. Мектепте сондай-ақ «Дат» пікірсайыс клубы жұмыс жасайды. 2024 жылы қыркүйек айында Respublika партиясы, NIS және Özgerteam ұйымдастыруымен өткен «Әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан» тақырыбындағы «JasREPUBLIC CUP» аймақтық(қалалық) пікірсайыс турнирінде жүлделі II орынға ие болды. «Дат» дебат клубы аптасына 3 рет жұмыс жасайды, қалалық, аудандық пікірсайыстардың жеңімпаздары.
Мектеп оқушылары кітап оқиды
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары күзгі каникул кезінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан «Күлтегін» ескерткішіне экскурсияға барды. Бұл ескерткіш – түркі халқының мәдени және тарихи мұрасының айқын көрінісі.
«Қазақ әдебиеті сабағында «Күлтегін» жырын оқығандықтан, ескерткішті көру бізге өте қызықты әрі маңызды болды. Экскурсия барысында «Күлтегін» жырының мазмұны мен оның тарихи маңыздылығы туралы кеңінен мағлұмат алдық. Ескерткіште «Күлтегін» жырының мәтіні түркі руникалық жазулармен қашалып жазылған. Бұл жазулардың қазақ мәдениетіндегі орны өте ерекше, өйткені ол бабаларымыздың ерлігі мен батылдығын, олардың отанына деген сүйіспеншілігін және өзара бірлігін көрсетеді», - дейді сынып жетекшісі Меруерт Тыналина.
Сапар барысында бізге Күлтегін батырдың Түркі қағанатының қаһарман қолбасшысы, әрі елін қорғаған тұлға екенін түсіндіріп берді. Жырда Күлтегіннің ерлік істері мен оның ел басқарудағы дарыны туралы баяндалған. Бұл мәліметтер оқушыларға түркі мәдениеті мен тарихына деген қызығушылығын арттыра түсті.
«Осындай экскурсияның арқасында біз тек оқулықтағы теориялық біліммен шектелмей, тарихқа, әдебиетке және мәдениетке жақын болудың жаңа қырын түсіндік», - дейді оқушылар.
- Мен күзгі демалыста «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты іс-шараға қатыстым. 3200 оқушы қатарында Балбырауын күйін шертіп, үлес қосқаныма қуаныштымын. Қазақ өнерін өркендетуге өз үлесімді қосқым келеді, - дейді 7 сынып оқушысы Марат Нұрали. Сынып жетекшісі – Әйгерім Біржанқызы.
- Мен күзгі демалыста «Ескендір» поэмасын жаттадым. «Менің қарындасым» әңгімесін оқыдым. Ағылшын тіліндегі «The tale of Peter Rabbit» атты шығармасын оқып жатырмын. Мектептегі дебат үйірмесіне бардым, - дейді 7 сынып оқушысы Ернар Есмагамбетов.
- Каникулда сыныппен Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» кітабын оқып жатырмыз. Күнде кітап оқуға уақыт арнаймыз. Бізбен бірге сынып жетекшіміз де оқиды. Сыныптың ватсап чатында есеп береміз, - дейді 7 сынып оқушысы Жансая Жасұлан.
Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақыткүл Касенованың айтуынша, мектептің оқушылары сынып жетекшілері, пән мұғалімдерімен бірге қысқа мерзім болса да күзгі каникулды осылайша мазмұнды өткізуде. Абай атындағы мектеп – елорда ғана емес, еліміздің барлық білім беру ұйымдарына үлгі.
P.S.Кітап оқып білім көкжиегін кеңейткен оқушылар, өнерге талаптанған өрендер, спортпен шыныққан жас буын, тарихты тануға ұмтылған талғамы биік талапты білім алушылар барлық жағынан да озатыны қуантады. Оқушылардың күзгі каникулдағы көңіл-күйі, қызықты күндері керемет бастамаларға, жеңісті, жемісті күндерге жол ашары анық.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.