Елорда жаңалықтары

Елордалық оқушылар биыл 522 медаль жеңіп алды

Жыл басынан бері елордалық оқушылар 522 медаль жеңіп алды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев халықаралық және республикалық олимпиада жүлдегерлерімен, мектеп парламенті, пікірсайыс қозғалыстарының жетекшілері, сондай-ақ колледж студенттерімен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Кездесуге қатысқандар арасында Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ақжүніс Әбдіхалықова да бар. Оның айтуынша, бүгінде елімізде оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалған. Ақжүністің өзі елордадағы пікір-сайыс клубтарының бірінің көшбасшысы және «Абай оқулары» республикалық байқауының жеңімпазы.

«Бүгінде қаламыздың әр оқушысының түрлі шығармашылық, спорттық үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. Бірнеше жыл бұрын мен пікір-сайыс қозғалысын таңдадым. Бұл маған мектепте алған білімімді қалай пайдалану керектігін білуге көмектескені анық. Өйткені, пікір-сайыс - бұл нағыз білім беру технологиясы, онда сіз үнемі өзіңізбен жұмыс істеуіңіз керек. Мен еліміздің мектептерінде жас пікір-сайысшыларды қолдайтынына қуаныштымын», - деді ол.

Өз кезегінде, елордадағы педагогикалық колледж студенттері өздеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында колледж студенттерінің стипендиясы 50% - ға көтерілді.

«Президентке бізге деген сенімі мен тұрақты қолдауы үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі таңда мектептің әр түлегі қалаған оқу орнына түсе алады, тегін оқи алады және стипендия ала алады», - деді Нұрай Жүнісханова.

Кездесу соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев студенттер мен оқушыларға отандық білім беру саласының беделін арттыруға қосқан үлестері үшін алғысын айтып, табыс тіледі. 

Айта кетейік, елордада 365 мыңнан астам оқушы және 37 мыңға жуық колледж студенті білім алуда.