Елорда жаңалықтары

Елордалық мәслихатта 2025 жылға арналған бюджет жобасы талқыланды

Астана қалалық мәслихатының жұмыс кеңесінде 2025 жылға арналған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының негізгі жұмыс бағыттары талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Кездесу барысында бюджеттік инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жарғылық капиталды толықтыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) жобаларын ілгерілету, стратегиялық жоспарлау және жобалық офисті жаңғырту сынды басым бағыттар қарастырылды.

Сондай-ақ жергілікті бюджеттің өзіндік кірістері мен салық түсімдерінің құрылымы, оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы түсімдер де талқыланды.

«Ерекше назар 2025 жылға жоспарланған МЖӘ жобаларына аударылды. Атап айтқанда, «Индустриялық парк-2» құрылысын салу, «Өндіріс» және «Теміржол» тұрғын алаптарында электр желілерін тарту, сондай-ақ Астана қаласының инфрақұрылымын басқаруға арналған жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу жобалары бар. Бұл жобалар қаланың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін бермек», - деп жазды Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.