Елорда жаңалықтары

Елордалық мәслихат төрағасы қоғамдық қабылдау өткізді

Бүгін AMANAT партиясының елордалық филиалының Қоғамдық қабылдауында мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов кезекті рет азаматтарды қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың мәселелерін жедел шешу үшін мемлекеттік органдар мен аудандық әкімдік өкілдері де шақырылды.

Тұрғындар жұмыспен қамту, ПИК пен МИБ тарифтерін реттеу мәселелерін, сондай-ақ қала өмірін жақсарту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

«Алдағы уақытта Семей сынақ ядролық полигоны ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігіне жаңа кеңсені жөндеуге және жиһаз сатып алуға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, бала күтіміне байланысты демалыстан кейін жұмыс таба алмаған елорда тұрғынына жұмыспен қамту мәселесінде қолдау көрсетілді», - деді Ерлан Каналимов.

Бұдан бөлек, аула аумақтарын абаттандыруға қатысты бірнеше ұсыныс және «Kundelik.kz»-ке балама ретінде электрондық күнделік жасау туралы бастама тыңдалды.