Елорда жаңалықтары

Елордалық колледжде жұмысшы мамандарды даярлау қалай жүріп жатыр

Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Қоғамда еңбекқор адам идеясын насихаттап, жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде ең алдымен осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын оқу орындары еске түседі. Мәселен, елордада заманауи техникалық және кәсіптік білім беретін Astana polytechnic жоғары колледжін 2024 жылы 928 жас маман тәмамдаған. Былтыр 30 жылдық мерейтойын атап өткен оқу ордасында бүгінде 2000 студент білім алып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Astana polytechnic жоғары колледжі – Көлік құрылысы техникумы, Машина жасау техникумы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Целиноград автожол техникумы мен Целиноград құрылыс техникумы сынды төрт оқу орнынан құрылған республика мен Астананың білім беру нарығындағы жетекші оқу орны. Ал 2020 жылы оның құрамына тағы бір оқу орны – Астана қаласының Энергетика және байланыс колледжі кірді. Astana polytechnic жоғары колледжі осы оқу орындарында ондаған жылдар бойы қалыптасқан кадрлық әлеует, білім беру технологияларын, өндірістік тәжірибе базаларын, экономиканың түрлі салалары үшін кәсіби кадрлар даярлау тәжірибелерін мұра ретінде қалдырып, жаңа серпінмен өз қызметін атқарып жатыр.

Бүгінде колледж техникалық салаға қажетті 12 мамандық бойынша кадрлар дайындайды, яғни техник-құрылысшы, техник-дизайнер, супервайзер, туризм менеджері, газ нысандары құрал-жабдықтарын пайдаланушы техник, техник-механик, ақпараттық қауіпсіздік технигі, бағдарламалық қамтамасыз етуді құрастырушы, ақпараттық жүйелер технигі, техник-мехатроник, телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің технигі, бухгалтер.

«Біздің колледждің елордадағы оқу орындарының арасында рейтингі жоғары. 2024 жылы оқуды 928 жас маман бітірді. Бүгінде 2000 студент білім алып жатыр, оның 1722-сі мемлекеттік тапсырыспен оқуда. Бірінші курсқа қабылданған студенттер – негізінен, тоғызыншы сынып түлектері. Көп жағдайда талапкерлердің таңдауы мақсатты болып келеді, оған мамандықтардың өзектілігі, сапалы білім беру, колледждің әлеуметтік серіктестігі және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері әсер етеді. Колледждегі оқу үдерісін тәжірибелі 86 педагог жүзеге асырады, соның ішінде 9 өндірістік оқыту шебері, 21 магистр, 1педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор бар. Сонымен қатар педагог-зерттеуші, жоғары санатты мұғалімдер, педагог-сарапшылар сабақ береді», - дейді директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Майра Сембина.

Майра Тұрсынханқызының айтуынша, колледждің оқу процесіне дуальды оқыту енгізілген.

«Дуальды оқыту бойынша білім беру бағдарламаларының 60 пайызы тәжірибеге арналған. Студенттер  тәжірибені алдымен біздің шеберханаларда, содан кейін кәсіпорындардың базасында өтеді.  Қазіргі таңда колледждің әлеуметтік серіктестерінің саны артып келеді. Біз тығыз қарым-қатынас орнатқан кәсіпорындардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ, «Freedom телеком», Autoland автосервистер желісі, Aster Auto Astana, Mega Motors Astana, №1 автобус паркі, Hyundai Premium Astana және т.б. бар. Колледж кәсіпорындармен тығыз байланыс орнату арқылы түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты мамандар дайындаймыз», - дейді ол.

Колледжде әлемдік брендтер: Cisco, RedHat Academy, Festo, Knauf, ТехноНиколь, Bosch Thermotechnik, Alina, Grohe, Certiport кәсіби сертификаттау орталығы және 1С сертификатталған оқу орталығы сияқты заманауи ресурстық және оқу орталықтары бар. Құзыреттілік орталықтары жоғары технологиялық құрылғылармен және брендтердің соңғы топтамаларымен жабдықталған.

Орталықтарда тәжірибе өткен студенттер халықаралық үлгідегі сертификаттарды алады. Бұл дегеніміз түлектер дипломнан басқа заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатынын растайтын арнайы сертификаттарға ие болады.

Мәселен, колледждің өндірістік оқыту шебері Ержан Қасымовтың сөзінше, оқу орталықтары жас мамандарға өндірісте нақты іс жүзінде қолданылатын әдістер мен технологияларды көрсетуге мүмкіндік береді.

«Мен «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» пәні бойынша студенттерге сабақ өткіземін. Олар осы пәнді оқу арқылы газ нысандары құрал-жабдығын пайдалану технигі мамандығын меңгеріп шығады. Біз оқу процесінде теориядан бөлек, тәжірибеге басымдық береміз. Газбен қамтамасыз ету саласында жұмыс үлкен тәжірибе мен тиянақтылықты талап етеді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, колледжімізде газбен қамтамасыз ету бағытында арнайы жабдықталған оқу кабинеті бар. Мұнда студенттер тәжірибе жүзінде барлық жүйені бақылап, тіпті қауіпсіздік шараларын да бірден түсінеді. Тек осы пәнде ғана емес, жалпы білім беру мекемесіндегі кез келген оқу орталықтары студенттерге колледж бітіргеннен кейін өндірісте нақты кездесетін жұмыс процесін түсіндіреді», - дейді өндірістік оқыту шебері Ержан Қасымов.

Колледждің өндірістік оқыту шебері Нұрхан Байбусиновтың айтуынша, құрылыс саласын таңдаған студенттер арнайы технология негіздері бойынша оқудан өтеді. Олар оқу мекемесін тәмамдағанда үш халықаралық сертификатқа ие болады.

«Бізде «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша Knauf технологиясы пайдаланылады. Бұл дегеніміз құрғақ құрылыс әдісі арқылы төбені біркелкі сапалы жасау, қабырғаларды қаптау және жалпы құрғақ құрылыс материалдарын дұрыс пайдалануды үйретеді. Біздің оқу орталығында қажетті құрылыс материалдары бар, студенттер тәжірибе кезінде аталған технология бойынша жұмыс жүргізеді. Ал колледж бітіргенде осы мамандық бойынша білім алған әрбір студент халықаралық үш түрлі сертификатқа ие болады», - дейді  Нұрхан Байбусинов.

Astana polytechnic жоғары колледжі бірнеше рет «Республиканың үздік колледжі» атағына ие болған. Бірнеше мәрте Астана қаласы әкімінің гранты «Техникалық және кәсіптік білім берудің үздігі» номинациясының жүлдегері атанған.

«Жұмысшы мамандықтың мәртебесін көтеруде WorldSkills қозғалысының орны ерекше. Колледж бұл қозғалыстың белсенді қатысушысы болып табылады. Жұмыс оң нәтиже беріп жатыр. Колледжіміздің студенттері қалалық, республикалық деңгейдегі чемпионаттарда көш бастап отыр», - дейді директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Майра Сембина.

Бүгінде аталған колледжге оқуға түсуге ниет білдіретін талапкерлер саны  артып келеді.

«Біздің колледж бас қаладағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары арасында көшбасшылық деңгейін сақтап келеді. Қазіргі таңда талапкерлер арасында көп сұранысқа ие болып отырғаны колледж брендінің қалыптасқанының дәлелі. 2022 жылы 1 орынға 3 талапкер байқауға түскен болса, 2023, 2024 жылдары бұл көрсеткіш 8 талапкерге дейін өсті»,- дейді М.Сембина.

Майра Тұрсынханқызының сөзінше, бүгінде жастар арасында жұмысшы мамандықтарға  деген қызығушылық артып келеді. Дегенмен колледж өкілі қоғамда мұндай мамандарға деген түрлі көзқарас бар екенін жасырмады.

«Жалпы жастардың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығы артып келеді. Бірақ біздің қоғамда жұмысшы мамандығына деген әртүрлі түсінік қалыптасқаны белгілі.  Көп ата-аналар балаларының  жоғарғы оқу орнында білім алып, беделді жерде жұмыс істегенін қалайды. Бірақ біздің серіктестеріміз керісінше, колледж бітірген студенттердің  тәжірибелік дағдылары жоғарғы оқу орны студентеріне қарағанда әлдеқайда жоғары екенін атап көрсетеді. Сондықтан жұмысшы мамандықтар экономиканың қозғаушы күші деп тану керек»,- дейді Майра  Сембина.

Айта кетейік, бүгінде елордада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру үшін Астана қаласы Білім басқармасының бастамасымен қала колледждерінде «Жас еңбекшілер» жобасы іске қосылды. Аталған жобаның ең алғашқы түсірілімінің басты кейіпкерлері Astana polytechnic жоғары колледжінің студенттері болды.

«Astana polytechnic» жоғары колледжі елордада «Жұмысшы мамандықтары жылын» жүзеге асыру үшін алты басым бағытты қамтитын 40-тан астам іс-шараны  жоспарлап отыр. Олардың ішінде ең маңыздысы – биыл мамыр айында өтетін «Polytech Generation 2025» халықаралық фестивалі болмақ.