Елорда жаңалықтары

Елордалық кәсіпкерлер қала халқының 70% жұмыспен қамтамасыз етеді

Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордалық кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Жеңіс Қасымбек шағын және орта бизнестің қаланың экономикалық дамуына қосқан маңызды үлесін ерекше атап өтті. Бүгінде олардың үлесі елорда жалпы өңірлік өнімінің 72%-ына жетіп отыр. Астанада 244 мыңға жуық ШОБ субъектісі жұмыс істейді, олар жарты миллионнан астам адамды, яғни қаланың еңбекке қабілетті тұрғындарының 70%-ын жұмыспен қамтып отыр. Қаланың экономикасына салынған инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгені құраса, оның 70%-дан астамы (999 млрд теңге) жеке инвестицияларға тиесілі. Оның ішінде 150 млрд теңге (315 млн АҚШ доллары) шетелдік инвестициялар.

Кездесуге Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов те қатысты.

«Астана бүгінде бизнес пен инновацияның орталығы ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыру алаңы болып табылады. Биыл 100-ден астам кәсіпкер мемлекеттік гранттар, несиелік мөлшерлемелерді төмендету және СПК арқылы жеңілдетілген ғимараттарды беру түрінде қолдау алды. Сонымен қатар, 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға қайта бағытталып, берілген гранттар саны екі есеге артты», - деп жазды Е.Каналимов.

Айта кетейік, бұдан бұрын мәслихат депутаттары Sana орталығының жұмысымен танысқан болатын.