Елорда жаңалықтары

Елордалық еріктілер коммуналдық қызметкерлерге бауырсақ пен ыстық шай таратты

Астаналық еріктілер «Таза Қазақстан» акциясы аясында коммуналдық қызметкерлерге бауырсақ пен ыстық шай таратты, деп хабарлады Elordainfo.kz  Астана қаласы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Акция 11 қаңтарда атап өтілетін Халықаралық «Рахмет» күніне орайластырылды. Еріктілер күнде ауа-райына қарамастан қалада жайлылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жандарға алғыстарын білдірді.

«Біз бауырсақтар мен ыстық шайды тарату арқылы өз қамқорлығымыз бен ризашылығымызды білдіреміз. Халықаралық «Рахмет» күнін осымен екінші жыл қатарынан атап өтіп жатырмыз. Жыл сайын осы акцияға көп адамдар қатысады деп үміттенеміз», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің маманы Дана Такенова.

Бұл акция - біздің қаламыздың даму жолында еңбегі зор адамдарға алғыс білдірудің тағы бір себебі. Коммуналдық қызметкерлердің қажырлы еңбегі кейде назардан тыс қалады, бірақ олар әрдайым қалада тазалық пен тәртіпті сақтау үшін маңызды міндеттерді орындайды.