Елордалық емханада репродуктивті денсаулық апталығы аясында «Ашық есік күні» өтті
Еліміз бойынша репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Осыған орай елордадағы №2 қалалық емханада «Ашық есік күні» өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Білікті мамандар күні бойы келушілерге жүктілікті жоспарлау, салауатты отбасын құру және репродуктивті денсаулыққа қатысты өзге де мәселелер бойынша кеңес береді.
Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу және анықтау мақсатында сынамалар алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

№2 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Гүлмира Баратованың айтуынша, ерлі-зайыптылар жүктілікті дұрыс жоспарлауы қажет.
«Әр емханада 15-49 жас аралығындағы туу жасындағы әйелдердің тізімі болады. Осы жас аралығындағы әйелдерді емхана дәрігерлері скрининг өтуге шақыруы қажет. Жүктілікті жоспарлап жүрген әйел алдымен учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылуы қажет. Онда әйелдің жалпы денсаулық жағдайы тексеріліп, тиісті анализдер тізімі жасалады. Кейін жүктілікті жоспарлап жүрген әйел гинеколог қабылдауына жіберіледі. Маман тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша анализдерді тағайындайды. Ең соңында әйел адамның жүктілікке дайындығы туралы қорытындыны учаскелік терапевт-дәрігер шығарады. Жалпы жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерді 5 топқа бөлеміз. Денсаулық жағдайы жүктілікке толық дайын әйелдерді бірінші топқа жатқызамыз. Болашақ сәбиде неврологиялық аурулардың алдын алу үшін ерлі-зайыптыларға жүктілікке дейін 3 ай бұрын фолий қышқылын ішуді ұсынамыз», - дейді Гүлмира Баратова.

«Ашық есік күні» мамандар қабылдауына келгендердің арасында ерлі-зайыптылар да бар. Олардың бірі - Назым Әбжанова. Елорда тұрғыны жұбайымен бірге жүктілікке дайындалып жүр.
"Мен 2022 жылы бірінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Енді арада үш жыл өткен соң, екінші жүктілігіме дайындалып жүрмін. Алдымен учаскелік дәрігерге қаралып, тиісті анализдерді тапсырдым. Кейін гинеколог маманға қаралып, толық денсаулығымды тексеріп шықтым. Дәрігердің ұсынысы бойынша күйеуім екеуіміз фолий қышқылын ішіп жүрміз", - дейді Назым Әбжанова.

Елорда тұрғыны Намаз Әбжановтың сөзінше, жүктілікті жоспарлайтын кезде ер азаматтар әйеліне қолдау білдіруі қажет.
"Менің ойымша, ерлі-зайыптылар бірге дәрігерге қаралып, алдын ала жүктілікті жоспарлауы керек. Әйелім жүктілікке алдын ала дайындалу туралы айтқанда қарсы болған жоқпын. Бір отбасы болған соң, бірге дайындалу қажет деп есептеймін. Себебі екеуіміз де өмірге дені сау бала келгенін қалаймыз",- дейді Намаз Әбжанов.

Айта кетейік, репродуктивті денсаулық апталығы жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікті арттыру, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен АИТВ жұқпасының алдын алу мақсатында өтеді.
Репродуктивті денсаулық апталығы аясындағы ашық есік күні бірқатар елорда емханаларында ұйымдастырылды. Бұл шаралар тұрғындарға денсаулығына көңіл бөліп, арнайы мамандардан тегін кеңес алуға және тексерілуден өтуге тамаша мүмкіндік берді.
⠀
Арнайы апталық репродуктивті денсаулықтың маңыздылығына назар аударып, аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізді.
⠀
Ашық есік күні аясында гинеколог, терапевт, уролог сынды мамандар тегін қабылдау жүргізді. Әрбір келген азаматқа жеке кеңес берілді және ақпараттық үнпарақтар таратылды.
Болашақ ата-аналардың денсаулығын жақсарту, саламатты жүктілік және дені сау сәбилердің дүниеге келуі кешенді шараларды қажет етеді.
Жүктілікке дайындық - денсаулық жағдайын бағалауға және болашақ ата-аналарды жүктілікке және сау баланың тууына дайындауға бағытталған диагностикалық, профилактикалық және емдеу шараларының кешені.
Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету және перинаталдық нәтижелерді жақсарту үшін сауықтыру шаралары жүктілік басталғанға дейін жүргізіледі.