Елорда жаңалықтары

Елордалық ҮЕҰ тұрғындардың әлеуметтік осал санаттарына қалай көмектеседі

Астанада көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға белсенді түрде қолдау жасап, көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар бар. Сондай ұйымдардың бірі – Strong Mothers NS қоғамдық қоры. Оның директоры Райгүл Серікбаева қор атқарып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Райгүл Серікбаева Астанада Bilim al білім беру жобасын жүзеге асырып жатыр. Білімі бойынша мұғалім, көпбалалы ана елордада төрт орталық ашып, онда ағылшын, қазақ, орыс, математика пәндерінен сабақ береді, сол сияқты мектепке дайындық тобы бар.

Қосымша білім берумен қатар, домбыра, фортепиано, вокал, сурет, шахмат сынды шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді. Орталықтардың белсенді тәрбиеленушілері түрлі байқаулар мен іс-шараларға қатысады.

Орталықтарға көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары жеңілдікпен келеді. Жаздың екі айында балаларға ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылық тегін оқытылады. Осы жылдың наурыз және сәуір айларында орталықтарда аналарға арналған тегін ағылшын тілі, компьютерлік және цифрлық сауаттылық курстары ашылады.
Қоғамдық ұйымда Астананың шетінде тұратын қамқорлықтағы отбасылар да бар.

«Біз бір реттік азық-түлік көмегін береміз. Қамқорлығымыздағы екі отбасыға қайырымдылық қоры арқылы пәтер алуға көмектестік», - дейді Райгүл Серікбаева.

Орталықтарда балабақшаға кезекке тұру, мектепке қабылдау, жоғары оқу орнына түсуге көмек көрсету, тұрғын үй бағдарламасына құжаттарды жинау сияқты қызметтерді алуға тегін көмек көрсететін кеңселер бар. Адвокаттар ажырасу, алимент өндіру және банк шоттарын бұғаттаудан шығару бойынша кеңес береді.

Орталықтар күн сайын мына мекенжайлар бойынша жұмыс істейді:

- Уәлиханов көшесі, 3;

- Қошқарбаев даңғылы, 39;

- Кемеңгерұлы көшесі, 11;

- Молдағалиева көшесі, 2.