Елорда жаңалықтары

Елордалық білім беру мекемелері мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қабылдауды бастады

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мониторинг кезінде елорданың бірқатар мектептері мен колледждерінде мемлекеттік қызметке өтініштер тек қана көрсетілетін қызметті беруші арқылы қағаз түрінде қабылданып жатқандығын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мектептердің, колледждердің өкілдері оқуға қабылдауға қажетті құжаттарды тапсыру «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы іске асыру мүмкін еместігі туралы және мемлекеттік қызметті түпкілікті алу үшін тек оқу орнына келу қажеттігін хабарлаған. Бұл өз кезегінде бекітілген талаптарға қайшы келеді.

Сонымен қатар, оқуға қабылданатын құжаттар тізімінде мемлекеттік қызмет көрсетуді реттейтін нормативтік құқықтық актілерде көрсетілмеген артық құжаттар болды. Яғни бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылардың ата-анасынан қажеті жоқ анықтамалар талап етілген.

Қағидаға сәйкес оқуға қабылдау барысында баланың туу туралы куәлік көшірмесі, 3х4 фотосурет, ата-анасының өтініші, №065/у медициналық анықтама және №052-2/у вакцинация картасы болуы тиіс, алайда білім беру мекемелері негізгі құжаттарға қоса №026, №027, №063, №095 нысанды анықтамаларды сұратқан.

Бұл өз кезегінде қызмет алушылардың, яғни ата-аналардың көрсетілген анықтамаларды алуы үшін емханада кезек күттіріп, уақыттарын өткізуге алып келген.

Ал, электронды құжатты өткізе отырып қызмет алушылардың уақыт жағынан үнемделуіне және мемлекеттік мекемелердің қағазбастылығын, сондай-ақ әкімшілік кедергілердің азаюын қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде, Департамент Астана қаласының білім мекемелеріне тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауына ұсыныс білдірді.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтар бұзылған жағдайда азаматтар Департаментке Сарыарқа даңғылы 13, мекен-жайы бойынша жазбаша түрде, не электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы немесе «Е-Otinish» азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және «Kenes 1414 officiall» тelegram-бот арқылы жүгіне алады.