Елорда жаңалықтары

Елордада үш жаңа экспресс-маршрут іске қосылады

Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осы сенбі, 26 қазаннан бастап Астана көшелеріне 3 жаңа – №503, №504 және №505 экспресс-бағдарлар шығады.

Олар қаланың негізгі көлік-тасымалдау хабтары мен әлеуметтік маңызы бар нысандары арқылы өтеді.

№503 экспресс-бағдар «Астанаинерт» және «Нұрлы жол» теміржол вокзалын байланыстырады. Ол «Агроқалашық» ТА көліктік қызмет көрсетуді жақсартуға және қолданыстағы №20, 33 бағдарлар жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. «Нұрлы жол» ТЖ вокзалымен тікелей байланысты қамтамасыз етеді және «Aspan bazar» СҮ, «Еуразия» СО, «Орбита» СҮ және «Самал», «Жастар» шағын аудандары сияқты негізгі тарту нүктелерін қамтиды. Бағдарға 10 автобус қызмет көрсетеді.

№504 экспресс-бағдар «І.Жансүгірұлы көшесі» мен «Жағалау» ТК жалғайды. Бағдар «Жағалау» шағын ауданына көліктік қызмет көрсетуді жақсартады. №7 қалалық емханамен тікелей байланысты қамтамасыз етеді және №29, 29А, 42, 49, 51, 61 бағдарлар жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. «Саад» БО, «Керуен» СОО, Кардиохирургиялық клиника және басқа да маңызды нүктелерді қамтиды. Бағдарда 8 автобус жүреді.

№505 экспресс-бағдар «Ырыскелді қажы мешіті» мен «Отау» ТК байланыстырады. Бағыт Е.Серкебаев көшесіне көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді және №5, 8, 9 және 13 бағдарлар жүктемесін азайтады. Ол «Гүлжан» СҮ, «Жаннұр» СО, №2 балалар ауруханасына және басқа да негізгі нүктелерге қызмет көрсетеді. Бағдарға 8 автобус жүреді.

Енді қалада 5 экспресс-бағдар жұмыс істейді: №501, №502, №503, №504, №505.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазаннан №501 және №502 экспресс-бағдарлар іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде олар 53 828 жолаушыны тасымалдады.

«Экспресс-бағдарлардың жұмысы жылдам әрі жайлы сапарлар, жол жүру уақытын азайтуға және елордада жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға бағытталған.

Жол жүру құны – 250 тг. Мектеп және жеңілдікті көлік карталары жарамды», - делінген хабарламада.

Автобустардың қозғалысын «Avtobys», 2ГИС және Яндекс карты қосымшалары арқылы бақылауға болады.