Елордада зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті
Астанада зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Нұра ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Нұра ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын арасында танымал ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Турнир ойынды жаңадан үйренгендер үшін арнайы ұйымдастырылды. Оған қаланың барлық аудандарының ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты.
«Жарысқа 5 команда құрған 20 ойыншы қатысты. Бірінші орынды Байқоңыр ауданының командасы иеленді, екінші орынды Есіл ауданының ойыншылары жеңіп алды, ал үшінші орынды Сарыарқа ауданының қанжығасына байланды», - деп жазылған хабарламада.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға алғыс хаттар, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.