Елордада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Астана қалалық Полиция департаменті қала көшелеріндегі және қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында 15 сәуір мен 5 мамыр аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Патрульдеу үшін учаскелік полиция инспекторлары, көші-қон қызметінің қызметкерлері, қылмыстық және патрульдік полиция қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды.
Жедел-профилактикалық іс-шараның негізгі міндеттері – қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған заттарды анықтау, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды және есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау.
Бұл іс-шара көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау мен алдын алуды күшейтуге, вандализм, мүліктің бүлінуі, ұсақ бұзақылық, сонымен қатар жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушылық фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылады.