Елордадағы «Сарайшық» ауданының жаңа полиция басқармасы өз жұмысын бастады
Астананың қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі «Сарайшық» ауданының жаңа полиция басқармасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қатысты.
«Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. «Сарайшық» ауданында жаңа басқарманың ашылуы – бұл ауданның қарқынды дамуына, халық саны мен инфрақұрылымның өсуіне оң әсер етеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қатаң сақтай отырып, тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуіміз қажет. Басқарма ұжымы алға қойылған міндеттерді лайықты орындап, қоғамдық тәртіпті тиімді қамтамасыз етіп, халықтың полицияға деген сенімін арттыруы тиіс», - деді ол.
«Сарайшық» ауданы полиция басқармасының бастығы қызметіне Бауыржан Наушаев тағайындалды. Оның ішкі істер органдарында жалпы қызмет өтілі 24 жылдан асады, әрі ол жедел және басшылық қызметтерде мол кәсіби тәжірибеге ие.
Жаңа басқарма Мұхамеджан Тынышбайұлы көшесі, 8-үйде, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының әкімшілік ғимаратында орналасқан.
Нысанның жалпы аумағы – 1 812 шаршы метр. Басқармада жедел басқару бөлімі, тергеушілер, жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және басқа да бөлімшелердің кабинеттері бар. Ғимарат қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне және азаматтарды қабылдауға қажетті барлық жағдаймен жабдықталған.
Басқарма 6 963 гектар аумақта орналасқан, халқы 180 мыңнан асатын ауданды қамтиды. Мұнда 81 білім беру мекемесі бар, оның ішінде 61 балабақша, 18 мектеп және 2 университет орналасқан. Сондай-ақ ауданда 5 учаскелік полиция пункті, сауда-ойын-сауық орталықтары, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, саябақтар, гүлзарлар мен тұрғын алаптар бар.
Жаңа басқарма ауданның құқықтық тәртібін қамтамасыз етіп, өтініштерге жедел әрекет ету тиімділігін арттырады.