Елорда жаңалықтары

Елордадағы мектепте отбасылық спорттық сайыс өтті

Астанадағы  №73 мектеп-лицейінде «Әкем, анам және мен» атты отбасылық спорттық сайыс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі.

Жылда дәстүрлі түрде өтетін спорттық сайыс аталған мектептің 3-сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында ұйымдастырылды. Сайысқа жалпы 100-ден аса мектеп оқушысы қатысты. 

«Сайыс мектебімізде жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ұлттық құндылықтарымызды және салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шараны оқушы, ұстаз, ата-ана арасында үшжақты ынтымақтыстықта жұмыс істеудің тамаша үлгісі деп есептейміз. Жалпы бұл - 3-5 сыныптар аралығында өтетін сайыс. Қазір бірінші кезеңі, 3-сыныптар қатысты. Балалар мен олардың ата-аналары қысқы таза ауада әртүрлі эстафеталық ойындарға атсалысты. Бұл сайыстың бір қызығы -  аналар күш сынасса, әкелер бауырсақ пісірді. Барлық қатысушылар ойын арасында ошақта піскен ыстық бауырсақ пен шоқ самаурында қайнаған шайдан ауыз тиді. Мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы балалар және ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге өзіндік ықпалын тигізеді», - деді №73 мектеп-лицейі директоры Гүлшат Қалтаева. 


Сайыс қатысушылары эстафеталық таяқшамен жүгіру, шанамен жарыс, арқан тартыс, қол күресі және «Бауырсақ-Fest» жарысында бақ сынасты. 

«Балаларымыз осы мектепте оқиды. 5-ші, 3 және 1-сыныпта. Бүгінгі сайысқа қатысып отырған баламыз Айбек Қуаныш - 3-сынып оқушысы. Бос уақытында күреспен шұғылданады. Анасы Гүлжазира Бақыт екеуіміз балаларымыз оқитын мектеп ұжымымен тығыз қарым-қатынастамыз. Осындай іс-шараларға белсенді атсалысып тұрамыз. Бала мен ата-ананың қарым-қатынасын жақсарту үшін мұндай жарыстардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жөн. Осы сайыстың бастамашысы болған мектеп ұжымына алғысымызды айтамыз», - деді сайысқа қатысушы ата-ана Қуаныш Меделхан. 


Аталған сайысқа мектептегі әр 3-сыныптан 1 отбасы қатысса, сыныптағы басқа отбасылар қатысушыларға жанкүйер болып келді. 

«Мектепте ұйымдастырылатын іс-шараларға жиі қатысып жүрміз. Жұбайымыз екеуіміз өнер саласында ұстаздық еткендіктен, балаларымыздың сабағын қадағалап, сабақтан тыс өтетін іс-шараларға да атсалысамыз. Оқушы, ұстаз, ата-ана - үштағанымен жақсы қарым-қатынастамыз. Білім ошағында 3 балам оқиды. Бүгін 3-сыныпта оқитын қызым Зеренің сайысқа қатысушы сыныптасын қолдауға келдік», - деді ата-ана Айдос Мақұлбеков. 

Сайыс соңында жеңімпаздар анықталып, Алғысхаттар мен арнайы сыйлық берілді.