Елорда жаңалықтары

Елордадағы мектепте «Күзгі асар» шоу бағдарламасы өтті

С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында мектепішілік «Күзгі асар» шоу бағдарламасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын іс-шараның мақсаты – оқушыларды еңбексүйгіштікке, бірлік пен ізгілікке баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты аялауға үйрету.  

Сайысқа 1-8 сынып аралығындағы оқушылар қатысты. Іс-шара бірнеше бағытта өтті. «Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі» жобасында интерактивті көрме ұйымдастырылды. Ал «Еңбек эстафетасы» бөлімі тартысты ойын түрінде өтсе, «Күзгі сән байқауы – Алтын күз ханзадасы мен ханшайымы» бөлімінде қатысушылар дефиле көрсетті. Сондай-ақ ұстаздар арасында «Креативті дресс-код шоуы» ұйымдастырылды.

«Бүгін мектебімізде дәстүрлі түрде өтетін «Күзгі асар» атты экологиялық-еңбек мерекесін ұйымдастырдық. Бұл іс-шара «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында өткізіліп отыр.

Биылғы «Күзгі асарға» 1-сыныптан 8-сыныпқа дейінгі шамамен 1000-ға жуық оқушы қатысты. Әр сынып өз қолымен түрлі көкөніс, жеміс-жидек және табиғи материалдардан жасалған бұйымдарын ұсынды. Бұл арқылы балалар қалдықтарды қайта пайдалану мен табиғатты қорғаудың маңызын іс жүзінде көрсетті», - деді мектеп директоры Гүлдерай Майқанова.

Іс-шараны сайыстың ең кішкентай қатысушылары – 1-сынып бүлдіршіндері «Береке нұры төгілген күз» атты көрініспен ашып берді. Балалардың өнері көрермендердің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.

Әр бөлім өзіне тән тақырып, ұран және түсімен ерекшеленді. Мысалы, «Жаратылыстану бағытындағы пәндер бірлестігі» жасыл түспен «Дәрумен достар» стилін ұсынды, ал «Мұғалімдер мен оқушылар парламенті» қара-ақ түсті «Күзгі ритм» ұранымен сахнаға шықты.

Қазылар алқасы мектептің тәжірибелі ұстаздарынан құралды. Олар қатысушылардың шығармашылық еңбегін, бірлескен жұмысын және эстетикалық талғамын жоғары бағалады.