Елордадағы конкур бәсекесіне 100-ге жуық қатысушы жиналды
Астанада Тәуелсіздік күніне орай конкурдан қалалық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарыс барысында қатысушылар әр түрлі биіктіктегі 6 бағдар бойынша жүлдеге таласады. Жалпы бәсекеде бағы мен бабы келіскен 100-ге жуық сәйгүлік шеберліктерін көрсетеді.
«Конкур жарысына деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді. Біріншіден, бабаларымыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Жылқыға деген қазақ халқының құрметі ерекше. Екіншіден, бәсекеміз күнтізбеге енгізілді. 2025 жылы 8 шараны ұйымдастыру жоспарымызда тұр. Үшіншіден, Олимпиадалық бағдарлама түрі саналатын конкурдан Астанада 4 спорт клубында жаттығуға мүмкіндік бар. Олар: «Астана көкпар», Prestige club, «Тұлпар», «Құлагер». Аталмыш клубтарда 100-ге жуық спортшы жаттыға алады», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінің басшысы Аманжол Хасенов.
Бұл сынға Астана қаласынан бөлек, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстарынан да спортшылар қатысып жатыр.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 12 миллион теңгені құрайды.