Елордада ерекше қажеттіліктері бар жандардың мәселелері талқыланды
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ерекше қажеттіліктері бар адамдармен, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаймыз. Кездесу барысында инватакси, медициналық көмек, пандустар, инфрақұрылым және т.б. мәселелер талқыланды.
Маңызды мәселе – инватакси. Жыл сайын біз арнайы техниканың санын да, қызметтерді сатып алу көлемін де арттырамыз. Сол сияқты биыл оңалтуға қажетті техникалық құралдарды (ОТК) жеке сатып алуға арналған соманы арттырамыз», - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек биыл тағы үш оқушылар сарайын пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты. Олардың бәрінде бассейн болады. Аталмыш әлеуметтік нысандарға ерекше қажеттілігі бар балалар да бара алады.
«Былтыр жол жұмысы кезінде мүгедектер арбасына арналған 150 пандус орнатылды, сонымен қатар Тұран даңғылының бойындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде («Хан Шатыр» СОО-ға қарама-қарсы) пандустар жасалды, Бараев және т.б. көшелердің бойында орналасқан жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі лифтпен жабдықталды.
Бұл жұмыстың барлығы ары қарай да жалғасады. Кездесуде көтерілген мәселелер де назарға алынды», - деп жазды ол.