Елордадағы №23 орта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті пайдалануға берілді
Астана қаласы әкімдігіне қарасты №23 орта мектепте «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен инклюзияны қолдау кабинеті пайдалануға берілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осы мектептегі ерекше балаларды әлеуметтендіруге арналған арнайы кабинетің жұмысымен Астана қаласы мәслихаты, Астана қаласы Білім басқармасы, БАҚ өкілдері және мамандар мен ата-аналар келіп танысты.
Бұл мектептегі арнайы жабдықталған бөлмелер - «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен елордада ашылған 10 инклюзивті кабинеттің бірі.
«Самұрық-Қазына» қоры мектебімізге көптен қол жеткізе алмай жүрген, ерекше балалардың қажетіне ыңғайланып жасақталған кабинеттерді сыйға тартып отыр. Мәселен, бұрын балаларымыз жалпы спортзалда көппен бірге жаттығатын болса, қазір арнайы залда жаттығумен айналысуға, ойнауға, тынығуға мүмкіндік алып отыр. Ал келесі бөлмеде логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандар емдік ойындарға, жаттығуларға қажетті құрал-жабдықтарымен жайлы атмосферада ерекше балалармен жұмыс істейтін болады.
Жалпы, біздің мектепте ерекше балаларды қолдау 2015 жылдан басталған. Сол жылы алғаш рет 0 сыныптан бастап ерекше балаларды қабылдап, оқыта бастадық. Ол кезде «Ашық әлем» деген қор арқылы бөлек сыныптар ашылған болатын. Міне, содан бері мектебімізде ерекше балаларды тәрбиелеп, өмірге қалыптастырып, қоғаммен араласып кетуіне аз да болса, өз үлесімізді қосып отырмыз. Бұған дейін екі инклюзивті кабинет болды.
Қазір біздің мектепті жақсы тәмамдап, жетістікке жетіп жүрген түлектеріміз жоқ емес. Солардың ішінде мақтанышпен айтатын баларымыздың бірі - Алпамыс Әмір. Осы мектептен 11-сыныпты бітірді. Қазір жүзуден паралимпиада чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат. Сондай-ақ екі жыл бұрын балаларды әлеуметтендіру, яғни балаларды мектептен колледжге жетелеу мақсатында «Менің болашақ мамандығым» жобасы аясында үш баламыз 9-сыныпты бітіріп, колледжге түскен болатын. Биыл мектебімізді осындай екі бала тәмамдайды. Ал 1-сыныпта үш оқушымыз тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, мектепте он бес ерекше бала бар», - дейді №23 орта мектеп директоры Хайдар Ерғалиев.
Аталған кабинеттерді аралап, танысқан Астана қаласы мәслихатының депутаты, Amanat партиясы Әйелдер қанатының елордалық филиалының төрайымы Салтанат Дженалаева инклюзивті сыныптардың өте жайлы екенін және оның ерекше балаларды қоғам өміріне бейімдеудегі рөлі зор екенін атап өтті.
«Бұл оқиға тек мектептің өзі үшін ғана емес, бүкіл қоғамымыз үшін үлкен маңызға ие. Инклюзивті сынып - бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құрдастарымен бірге оқуына мүмкіндік беретін орын ғана емес, бұл әртүрлілікке құрмет, төзімділік және өзара қолдау қалыптастыратын кеңістік. Мәслихат депутаттары мен елорданың Әйелдер қанатының мүшелері инклюзивті білім беруді дамытуға көп көңіл бөлетінін ерекше атап өткім келеді. Соның арқасында мұндай жобаларға қажетті назар аударылып отыр. Бұл кабинеттер әр баланың өзін ұжымның бір бөлігі ретінде сезінуіне және өз қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде әрбір бала сапалы білім алуға және өз әлеуетін дамытуға құқығы бар екенін білеміз. Осындай бастамалардың арқасында балалар айырмашылықтарына қарамастан, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды үйренеді. Болашақта дәл осы дағдылар оларға заман ағымына қарай өмір сүруге көмектеседі», - деді депутат.
Іс-шараға қатысқан ерекше баланың анасы Евгения Лось мектепте балаларының өз құрбы-құрдастарымен бірге оқып қана қоймай, осындай инклюзивті кабинеттерде арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алатынына ризашылығын білдірді.
«Қызым қазір 5-сыныпта. Осында 2-сыныптан бастап келгенбіз. Барлық оқушылармен бірге кәдімгі сыныпта оқиды. Бірақ кейде бала мазасызданса, мамандар бөлек алып шығып, осындай кабинеттерде арнайы жұмыс істейді. Дефектолог, психолог көмек көрсетеді. Гиперактивті бала болғандықтан, ол денешынықтыру пәнін ұнатады. Сондай-ақ ауызша сабақтарды, соның ішінде тарих, дүниетану, географияны қызығушылықпен оқиды», - дейді ол.
Бұдан соң іс-шараға қатысушылар ерекше балалар ұйымдастырған шағын концертті тамашалады.