Елордада Taza Qazaqstan акциясы аясында велошеру ұйымдастырылды
Астанадағы Орталық саябақта экологиялық мәдениетті сақтау мақсатында зейнеткерлерге арналған велошеру өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шараға қаланың «Байқоңыр» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Super Velo Star клубының 20-ға жуық мүшесі қатысты. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандар «Таза Қазақстан - Таза қала» ұранымен 5 шақырымдық қашықтықты жүріп өтті.
Біздің іс-шара табиғатқа ұқыпты қарауға және моторлы көліктен бас тартып, велосипедке көшуге үгіттейді. Осы арқылы біз қоршаған ортаның ластануын сәл де болсын азайтамыз деген сенімдемін. Спорттық акциямыздағы басты ерекшелік - жеңімпаз анықталмайды. Ең маңыздысы — егде жастағы азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», — деді ұйымдастырушы Бақыт Байманова.
Оның айтуынша, бұндай акциялар жаз мезгілінен бері үшінші мәрте өткізілген.
«Қартайдық деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Барлығы өзіңнің іс-әрекетіне тікелей байланысты. Мысалы, мен Белсенді өмір сүру орталығында би, хор және арасында велошеруге қатысып тұрамын. Өзім үлгі болсам, алдағы уақытта өзге де зейнеткерлер қатарымызды толықтырады деген сенімдемін», - деп Кентай Алдырбай атты қатысушы өз ойын білдірді.
Спорттық мерекенің соңында қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, жақсы әсермен үйлеріне қайтты.