Елорда жаңалықтары

Елордада тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

Бүгін елордада Отан қорғаушылар алаңындағы Тәжік-Ауған шекарасы ұрыс қимылдарының  жауынгерлеріне арналған ескерткішінде шекарашы Раджан Батырқановтың ерлігіне тағзым етіліп, салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еске алу шарасына ТМД елдері аумағындағы ұрыс қимылдарға қатысқан ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскерлері қатысты. Олар тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

"Менің балам Раджан мектепте 11-ші сыныпты бітіріп, әскер қатарына алынды. Әскерге 19 жасқа толмай кеткен еді. Тәжікстан шекарасындағы соғысқа қатысып, қайтыс болды. Өзінің қысқа өмірінде ол тек мектеп қабырғасындағы балалық шағын ғана көрді. Онымен бірге ұрысқа қатысқан жолдастары барлығы келіп, әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Раджан кішкентай кезінен қайратты, адал және еңбекқор бала болып өсті", - деп еске алды Раджан Батырқановтың анасы Қизат Батырқанова.

Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері Одағы төрағасының орынбасары Айтуған Күзербаев өз сөзінде, бүгінгі шараның мақсатына тоқталып өтті.

"Бүгінгі іс-шараның мақсаты - тәжік-ауған шекарасында болған ұрыс қимылда ерлікпен қаза тапқан Раджан Батырхановтың ерлігін жастарға үлге ете отырып, оларды отансүйгіштікке баулу. Осылайша кең байтақ елімізді қорғайтын болашақ сарбаздарды дайындау. Біздің еліміздің өркендеп өсуіне экономикалық дамуына қазақ армиясының қосатын үлесі зор. Бүгінде біздің мақсатымыз отанымызды қорғау, осындай әскери-патриоттық  іс-шараларды жиі ұйымдастырып, жастарымызды тәрбиелеу",- деді ол.

Сонымен қатар бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде "Батырдың аты өшпейді "атты батырдың құрметіне арнаған көрме мен салтанатты кеш ұйымдастырылуда.

Еске сала кетейік, 1992 жылдың 2001 жылдың ақпанына дейін Тәжік-Ауған шекара учаскесін  қорғауға Қазақстаннан он мыңға жуық жауынгерлер қатысты.