Елорда жаңалықтары

Елордада түрлі елдердің танымал пианистері өнер көрсетеді

Қарашада «Астана Опера» театры К.Байсейітова атындағы Камералық залының сахнасы Жапония, Италия мен Қазақстаннан жарқын пианистер жиналатын орынға айналады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Астана Опера» театрының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл айда жапон орындаушысы Юки Мурата, италиялық музыкант Маурицио Биньоне, сондай-ақ қазақстандық әртістер Тимур Урманчеев, Гүлжан Өзенбаева, Гүлмира Исимбаева мен Раушан Бескембирова тыңдармандарды сан алуан концерттік бағдарламаларымен қуантады.

 

«Астана Опера» шығармашылық әрекеттестік шекарасын кеңейту бағытында үлкен жұмыс атқарып келеді, сондай-ақ түрлі ұлттық музыкалық мектеп өкілдері арасында тәжірибе әрі идея алмасу үшін барлық жағдайларды жасауда. Басқа музыканттармен қарым-қатынас орнату және бірлесе жұмыс істеу бірегей ортақ жобаларды жасауға шабыттандыратынына, әртістердің өз орындауларына жаңа леп қосатынына сенімдімін, - деп пікірімен бөлісті театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова.

Елорда тұрғындары мен қонақтары 7 қарашада өтетін «Bel Canto музыкалық салоны» топтамасынан «Тәңірім әрі шабытым...» концертінде Раушан Бескембированың шығармашылығымен рақаттана алады. Мазмұнды бағдарлама вокалистер Татьяна Вицинская, Әсем Сембина, Артур Ғабдиев, Ермек Қасым, Батыржан Смақов, флейташы Балжан Сапарова және жас виолончельші Сұлтан Бескембировпен бірге әзірленді.

10 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев «FORTE TRIO» ҚР мемлекеттік триосының құрамындағы әріптестерімен бірге «Феликс Мендельсон» концертін музыкадағы романтизм бағытының ірі өкілдерінің бірі, ұлы композитор, пианист әрі дирижердің 215 жылдығына арнайды.

19 қарашада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – композитор әрі пианист Гүлжан Өзенбаева мен «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов көпшіліктің назарына «Музыкалық альянс» топтамасынан скрипка музыкасының кешін ұсынады.

Италиялық пианист, композитор әрі жазушы Маурицио Биньоне 23 қарашада өз туындыларынан құрылған Inner reflections («Ішкі бейнелер») концертімен өнер көрсетеді.

30 қарашада тыңдармандарды жапон композиторы әрі пианист Юки Мурата мен оның қазақстандық әріптесі Гүлмира Исимбаеваның концерті күтеді.