Елорда жаңалықтары

Елордада  түркі елдерінің мәдени-әдеби  кездесу кеші өтті

Кездесуде Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Гүлісхан Домалайқызының «Махаббат пен ғадауат» және «Жим ханым» кітаптарымның тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған болатын.

Қазақ халқының өзге елдердегі тағдыры өзек болған әдеби  көркем шығарманың таныстырылымына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері, журналистер, оқырмандар және басқа да зиялы қауым өкілдері бар – барлығы 80-90 адам жиналды.

Іс-шараны ҚР Жазушылар  Одағының Астанадағы төрағасы Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Кеш қоғам қайраткері, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халықаралық «Алаш сыйлығының иегері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Оразалиннің құттықтау сөзімен басталды.  Әрі қарай ҚР  Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Әли Бектаев пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық Түрік академиясының президенті, түркітанушы ғалым Дархан Қыдырәлі кезекпен сөз алып, кітап туралы пікірлерін ортаға салды.

«Түркиядан келген қонақтар «Жим ханым» жинағының түрік тіліне аударылған нұсқасымен таныстыра отырып, филология ғылымдарының докторы, (RHD) жазушы, аудармашы Ашур Өздемир  мен «Кам -ус»  баспасының басшысы, жазушы, өнер академигі Айдемир Гултегин, қырғызстандық ақын, журналист Элдар Атдокуров  өзектес қандастарға арнайы ізгі тілегін білдірді. 

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ сөз сөйлеп, кітаптың лентасын  қиып, ашылу салтанатын жасады», - деді кітап авторы.

Іс-шараға арнайы келген ақпарат өкілдерімен бірге  Ерқожа Тілепберген, Алмахан Мұхаметқалиқызы, Толқын Ахан  сынды қаламдастар қатысып, шығармашылық табыстарымен  бөлісті. Іс-шараға қатысушы шығармашылық топпен қатар студент жастар да жыр кешіне ризашылықпен тілектестігін білдірді.

Шара барысында шетелден келген журналистер мен ғалым-жазушылар, өнерпаздар өлең оқып, ән айтып, кештің шырайын келтірді.

Сондай-ақ жастар Гүлісхан Домалайқызының өлеңдерін оқып, ақынның сөзіне  жазылған әндерді шырқады.

Қонақтар үшін арнайы кешкі қонағасы ұйымдастырылып, әдеби кеш жыр мен әнге толы қуанышпен аяқталды.