Елордада соғыс ардагері Нәжікен Қапышевқа ескерткіш тақта орнатылды
Жеңіс күнінің 80 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Нәжікен Қапышевқа ескерткіш тақта орнатылды. Салтанатты шара майдангер тұрған үйдің жанында өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді, ардагерлер кеңесінің, күш құрылымдарының өкілдері, ардагердің туыстары қатысты.
Нәжікен Қапышев соғыс басталғанға дейін Целиноград ауданы Төңкеріс ауылында мұғалім болып еңбек еткен. Майданға 1942 жылы 114-ші атқыштар бригадасының құрамында аттанды. Смоленск, Витебск, Калининград облыстарын, Литва мен Шығыс Пруссияны азат етуге атсалысты. Майдангер соғысты қатардағы жауынгер ретінде бастады, капитан шеніне жетті, атқыштар ротасының командирі болды. Ардагер ерлігі үшін ордендермен және медальдармен марапатталды.
«Біздің әкеміз «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің иегері, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, екі «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оның марапаттары оның ерлігін көрсетеді. Сол себепті біз оны мақтан тұтамыз», - деді ардагердің қызы Бақыт Қапышева.
Ресми бөлімнен кейін іс-шара гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.