Елордада соңғы күндері болған кептеліс жол қозғалысына қалай әсер етті
Астанада бірнеше күн бойы қалың қар жауып, қала көшелерінде кептеліс пайда болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Sergek ITS сарапшылары қар жаумаған 5 қараша күні мен қар қалың түскен 11 қараша күндерінде жолдардағы орташа жылдамдықты салыстырып көрді.
Әдеттегідей, Астанада ең көп жүктелген жолдар Тұран даңғылы, Қабанбай батыр даңғылы, Мәңгілік ел даңғылы және Түркістан көшесі болды.
Кептеліс таңертеңгі 8:00 мен 9:00 аралығында және кешкі уақытта 18:00 мен 19:00 арасында байқалды. Осыған байланысты кейбір көшелердегі кептелістер әдеттегі уақыттан бір сағатқа ұзарып кетті.
Мысалы, 11 қараша күні таңертең Тұран даңғылында көлік жылдамдығы шамамен төрттен бірге төмендеді, ал Мәңгілік ел даңғылында, Қабанбай батыр даңғылында және Түркістан көшесінде жылдамдық бірден үштен бірге азайды. Мәңгілік ел даңғылындағы кептеліс таңғы 10:00-ге дейін жалғасып, орташа жылдамдық 27 км/сағаттан 16 км/сағатқа дейін төмендеді.
Кешкі уақытта ең төменгі жылдамдық Қабанбай батыр даңғылында тіркелді. Сағат 19:00 мен 20:00 аралығында бұл жерде орташа жылдамдық екі есе төмендеді. Яғни, ашық ауа райында 23 км/сағат болса, қар жауған күні 12 км/сағатқа дейін азайған.
Жалпы алғанда, интеллектуалды көлік жүйесінің деректеріне сүйенсек, жүргізушілердің орташа қозғалыс жылдамдығы шамамен 30%-ға кеміген. Яғни, астаналықтар өздеріне қажетті жерге жету үшін 43%-ға көп уақыт жұмсауы керек.
Ескерте кетейік, күзден қысқа өтетін маусымда жол-көлік оқиғаларының жиілігі артады. Сондықтан жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтап, қауіпті маневрлер жасаудан аулақ болу ұсынылады.