Елордада үшем дүниеге келді
Астанадағы №2 қалалық көпбейінді ауруханада үшем өмірге келді. Биыл аталған ауруханада үшінші рет үшемдер дүние есігін ашып отыр, деп хабарлады Elorda.info.
Казяевтар әулеті екі баладан соң бірден көп балалы отбасы қатарына қосылды. Көкшетау өңірінен келген Ардахан есімді пациент дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
Ота жасаған профессор Серік Ысқақов Саятұлы мен Ғалым Зекенов бастаған дәрігерлер командасына, балалар реанимациясы мен қарқынды терапия бөлімшесі, балаларды күту және патологиясы бөлімшесінің барша қызметкерлеріне және дәрігер Ақнұр Жамбыловаға рақметімді айтамын, - деді жас ана.
Әділет, Қасиет, Құдірет есімді үш бала 1840, 1865 және 2000 гр салмақпен туылған. Сәбилер салмақ қосып ширағанға дейін бірнеше бөлімше дәрігерлерінің қатаң бақылауында болады.
Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі сәбилердің жағдайын жақсарту үшін қызмет көрсетеді. Бәріңізге мәлім, бұл бөлімше нәрестелер өмірге келген сәттен бастап кішкентай пациенттер үшін жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, - деп көрсетті аурухана өкілдері.
Нәрестелерді күту және патологиясы бөлімшесінің дәрігері Ақнұр Жамбылованың айтуынша, үш перзенттің жағдайы қазір жақсы.