Елорда жаңалықтары

Елордада Рухани келісім күніне орай дөңгелек үстел өтті

Рухани келісім күніне орай «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында дәстүрлі жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласының Дін істер жөніндегі басқармасы мен Астана қаласының Діндерді зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Оған қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Рухани келісім күні идеясының авторы, ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов сондай-ақ діни бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ Ливан, Германия және Ресейден қонақтар қатысты.

 

«Дінаралық татулықты дамыту – қазіргі қазақстандық қоғам тұрақтылығының басты факторларының бірі, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігі. 
Жыл басынан бері елордада діни бірлестіктермен бірлесіп 60-тан астам түрлі форматта іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, елордада конфессияаралық және дінаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Ұлттар мен конфессиялар арасындағы түсіністік пен өзара құрмет, рухани келісім мен достықтың мызғымас қазығы бүгінгі басқосу осы ізгі сара жолдың жалғасы деп білеміз. Баршаңызды Рухани келісім күнімен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен. 

Жиын соңы театрдың Үлкен залында салтанатты концертке ұласты. 

Айта кетейік, елімізде 18 қазан жыл сайын Рухани келісім күні ретінде аталып өтіледі.