Елорда жаңалықтары

Елордада «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр

Астана қаласының Полиция департаменті пиротехникалық өнімдерді, сондай-ақ сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында қала аумағында жыл сайынғы «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізуді жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz

Іс-шара барысында сақшылар халықты өрт қауіпсіздігі шаралары туралы хабардар ету мақсатында халықпен, оның ішінде кәмелетке толмаған балалармен профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Қаланың барлық жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сынып сағаттары мен сабақтар ұйымдастырылды, олардың барысында пиротехникалық бұйымдарды қауіпсіз қолдану қағидалары мен талаптары түсіндірілді.

Елордалық полицейлер алдын алу шарасы кезінде пиротехника сатудың заңсыз нүктелерін тексерді.

«Тексеру барысында қаланың дүкендерінен 144 бірлік және 53 қорап «Микки Маус» пиротехникалық өнімдері тәркіленді. Сондай-ақ интернет дүкеннен тиісті құжаттарсыз пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаған қаланың тұрғыны анықталып, нәтижесінде одан 12 дана өнім тәркіленді», - делінген ІІМ хабарламасында.

Сатушыларға қатысты заңсыз сауда жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.