Елорда жаңалықтары

Елордада «Пациент – серіктес» атты ерекше бағдарлама таныстырылды

Астана қалалық №4 емханасында «Пациент – серіктес» бағдарламасыны таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала  әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жоба Денсаулық сақтау сапасы жөніндегі аккредитация орталығы (АСQH) мен «Дом» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы бастама, ол пациенттерді медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелерінде толыққанды серіктеске айналдырады.

Бағдарлама 8 қыркүйекте қол қойылған пациент-серіктестер кеңесін құру жөніндегі меморандум аясында іске асырылуда. Кеңес азаматтарды медициналық ұйымдарды аккредитациялау мен олардың жұмысын бақылау процесіне тартатын ұлттық алаңға айналмақ. Бастамаға мемлекеттік органдар да қолдау білдірді.

«Басты мақсат – тек шағымдарды тіркеу емес, пациенттер мен медициналық ұйымдар арасында тұрақты диалог орнату. Бұл өзара сенімді нығайтып, көмек сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін процестерге адамдарды тартуға мүмкіндік береді», - деді жиын модераторы.

Бағдарлама халықаралық ұсынымдарға толық сәйкес келеді және мемлекет тарапынан қолдау тапты.

Презентацияға Парламент депутаттары мен Тәжікстаннан келген делегация қатысты. Іс-шара онлайн көрсетілді.

«Біз медициналық ұйымдар арасында челлендж бастаймыз. Оның мақсаты – пациенттерді проблемаларды талқылауға тарту және бірге шағымдар санын азайту. Сараптама көрсеткендей, шағымдардың 80%-ы дәрігерлерге емес, ұйымдастыру мәселелеріне байланысты. Біз тек пациенттерді ғана емес, медицина қызметкерлерін де қорғауымыз керек», - деді АСQH басқарма төрайымы Ботагөз Қаупбаева.