Елордада 7 жыл бойы әйелін ұрып-соққан ер адам бір жылға сотталды
Былтыр елордада отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқықбұзушылық жасаған 85 адам істі болды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2024 жылғы 15 маусымнан бастап аталған құқықбұзушылық үшін жауаптылық күшейтілді. Енді мұндай әрекетке барған азамат бас бостандығынан айырылады, ал жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК 108-1 бабы) және ұрып-соғу (ҚК 109-1 бабы) қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
«Өткен жылы осы санаттағы істер бойынша 85 бұзақы сотталды. Мысалы 7 жыл бойы әйелін ұрып-соғып, психикалық қысым жасаған ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Басқа жағдайда құқықбұзушы қорғау нұсқамасын және тыйым салуды елемей, таныс қызын 5 жылдан астам уақыт бойы қудалаған. Оның жүйелі түрде жәбірленушінің үйіне келіп, жанжал шығарып, отбасын қорқытып, ұрып-соққаны дәлелденді. Аталған әрекеттері үшін құқықбұзушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», - деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы қол жұмсау мен тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертті.