Елордада мектеп тауарларының жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында жаңа оқу жылы қарсаңында «KIDS EXPO. Балалар әлемі» мектеп тауарлары жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Жәрмеңкені Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «QazExpoCongress» ҰК» АҚ ұйымдастырып жатыр. Мұнда 3 күннің ішінде отандық тауар өндірушілер, компаниялар мен ірі брендтер, барлығы 70-тен астам кәсіпкер өз тауарларын сатуда.
Ашылу салтанатына Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбек-ұлы қатысып, барлық кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
«Есіл ауданы әкімдігінің тарапынан осы жәрмеңкені ұйымдастыруға қолдау білдірген «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясына және елорда кәсіпкерлеріне алғысымды білдіремін. Балаларды мектепке дайындау әрбір отбасы үшін маңызды шара. Сондықтан да бұл жәрмеңке барлық ата-аналарға тиімді болады деп сенеміз»,- деді аудан әкімі.
«QazExpoCongress» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Қуандықұлы жәрмеңке осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Бұл жәрмеңке балалар мен ата-аналарға арналған тауарлар мен қызметтерді бір алаңда біріктіруге мүмкіндік береді. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы екі жылда жәрмеңкенің тауар айналымы 140 млн-ға жетті. Бұл жәрмеңкенің кәсіпкерлер мен ата-аналарға тиімді екенін көрсетеді», - деді Дәулет Қуандықұлы.
Сонымен қатар салтанатты шарада «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы атынан әлеуметтік осал топ отбасыларынан шыққан 40-қа жуық балаға ішінде кеңсе тауарлары салынған мектеп сөмкесі берілді.
«Осындай шараны ұйымдастырған барлық жандарға алғысымды білдіремін. Бүгін немереміз екеуміз келдік. Ұлттық компания атынан мектеп сөмкесін алдық», - дейді 72 жастағы қала тұрғыны Гаухар Қоспанова.
Балалар жәрмеңкесіне елордалық кәсіпкер Әйгерім Құдабаева алғаш рет қатысып отыр.
«Мен балалар жәрмеңкесіне алғаш рет қатысып отырмын. Бүгінгі ұсынып отырған балалар аяқ-киімі Түркияда былғары теріден жасалған. Сапасы өте жақсы. Жалпы мұндай жәрмеңке балаларға өте тиімді деп айта аламын. Себебі ата-аналар бір жерден балаға қажетті барлық затты сатып ала алады», - дейді елордалық кәсіпкер.
Жәрмеңкеде мектеп керек-жарақтары мен балалар тауарларын сатып алып қана қоймай, келушілер үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, шахмат бойынша шеберлік сабақтары өткізіліп, балалар шығармашылық студияларының қойылымдары ұсынылды.
Балалар сән көрсетілімдері мен аниматорлар өнер көрсетті. Сонымен қатар келушілер арасында ұтыс ойыны өткізілді. Онда спорттық велосипед, кеңсе тауарларының толық жиынтығы бар мектеп арқақоржындары, тегін балмұздаққа 500 купон ойнатылды.
Айта кетейік, жәрмеңке 18 тамызға дейін жалғасады.