Елорда жаңалықтары

Елордада мүгедектің құқығын бұзған емдеу орталығы моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында мүмкіндігі шектеулі азамат пен медициналық орталықтың қызметіне қатысты іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

І топтағы мүгедектігі бар азамат 2016 жылдан бастап есепте тұрған және медициналық орталықта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі амбулаторлық гемодиализ алып жүрген. Талап қоюшы мен Орталық арасында медициналық қызмет көрсету туралы шарт болған. Алайда емдеу барысында Н.-ның жанжал шығарып, медицина қызметкерлеріне бейәдеп мінез-құлық көрсеткеніне сүйеніп, орталық шартты біржақты бұзған.

«Сот Орталықтың шартты бұзу жөніндегі әрекетін заңсыз деп танып, талап қоюшының пайдасына 50 мың теңге моральдық зиянды өндірді. Сот істі қарау барысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабын басшылыққа алған, себебі Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар. Пациенттің мінез-құлқына байланысты еріксіз бұзуға жол беретін шарт талаптары – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында емделу құқығын шектейді. Сот пациенттің мінез-құлқы үшін мәжбүрлеп шартты бұзу заңға қайшы келеді және Н.-ның құқықтары мен мүдделерін бұзады деп тапты», - деп көрсетті Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, сотта талап қоюшының орталықта болу ережелерін өрескел бұзу фактісі анықталған жоқ. Апелляциялық тәртіпте шешім өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.