Астанада әскери сала мамандарының қатысуымен конференция өтті
Астанадағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейі мен «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара «Батыс Қазақстан – 1942–1943 жылдардағы Сталинград шайқасының майдан тылы» тақырыбында ұйымдастырылды.
Мұндағы мақсаты – Сталинград шайқасы кезеңінде Батыс Қазақстан өңірінің майдан тылы ретіндегі рөлін ашып көрсету, елдің Жеңіске қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан саралау. Сонымен қатар әскери тарих пен әскери өнерді зерттеу, музей ісін дамыту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды.
Жиында аймақтың майдан тылы ретіндегі ерекшеліктері, тылдық ошақтардың орналасуы, фашистік Германияның тыңшылық әрекеттері және Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы облыстық қорғаныс комитеттерінің қызметі туралы ғылыми баяндамалар ұсынылды.
Конференция жұмысына Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері, тарихшы-ғалымдар, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты.
«Бүгінгі жиын ел тарихын терең тануға және жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге үлес қосады деп сенемін. Мұнда айтылған ойлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстан тарихының жеті томдығына» енгізіледі деген үміттеміз», - деді ардагер генерал-лейтенант Бексұлтан Серсекеев.
Конференция аясында Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы, полковник Амангүл Алдабергенованың «Батыс Қазақстан – Сталинград шайқасы кезіндегі фронттық тыл» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Жиын соңында іс-шараға белсенді қатысқан азаматтар марапатталды.