Елорда жаңалықтары

Елордада әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері марапатталды

Бүгін елордада әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастырған кеш Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында өтті.

Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Илья Скуб, кәсіподақ төрағасының орынбасары, Астана қаласы бойынша филиал төрағасы Атақозы Нұрланов сондай-ақ сала мамандары қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын және Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

«Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі таңда елордада бұл салада 2 мыңға жуық маман қызмет етеді. Сіздер қарт адамдарға, ерекше жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетесіздер. Сіздерге көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді қала әкімінің орынбасары.

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері «Елеулі еңбек үшін», «Кәсіподақ қайраткері», «Әлеуметтік саласының үздігі», «Өз ісінің маманы» секілді медальдармен марапатталды. «Қызмет» салалық кәсіподағы атынан төсбелгілерді бір топ әлеуметтік қызметкерге  кәсіподақ  төрағасының орынбасары, Астана қаласы бойынша филиал төрағасы Атақозы Нұрланов табыстады.

«Сіздер халыққа қызмет жасап, солардың мүдделерін қорғайсыздар. Ал сіздердің мүдделеріңізді кәсіподақ қорғайды. Мерекелеріңіз құтты болсын!», - деді Атақозы Нұрланов.

Сондай-ақ Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнін мерекелеу қарсаңында дойбы, шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шағын футбол сынды спорт түрлерінен өткен спартакиада жеңімпаздарын  Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб марапаттады.

«Бүгін сіздерді осындв көргеніме қуаныштымын. Ең бастысы,  атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Жемісті жұмыстың нәтижесінде біз адамдардың жүзінен қуанышты көреміз. Бұл - сіздердің еңбектеріңіз. Өзгеге көрсеткен жақсылықтарыңыз сіздерге екі еселеніп қайтсын. Мереке құтты болсын!», - деді Илья Скуб.

Салтанатты кеш мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Мұнда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахым,  халықаралық байқаулардың лауреаты Фарида Жолдасова, Мәдениет саласының үздігі Құралай Мейрамбек және т.б. өнер көрсетті.