Елордада конькимен жүгіруден қысқы спартакиада өтіп жатыр
Астана қаласындағы «Алау» мұз айдыны сарайында конькимен жүгіру спортынан VI Қысқы Спартакиаданың ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Төрт жылдықтың басты сайысына 6 облыс пен 2 қаладан 80 спортшы қатысып жатыр. Айтулы бәсекеде Астана қаласы атынан 23 спортшы бақ сынайтын болады.
Конькимен жүгіруден Астана қаласында VI Қысқы Спартакиаданың алғашқы жарыс күнінде елордалық спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Ерлер арасындағы 500 және 1000 метр қашықтықта елордалық Алтай Жәрдембекұлы күміс жүлдегер атанды.
Ал әйелдер арасында 500 және 1000 метр қашықтықта Кристина Силаева алтыннан алқа тақса, Дарья Важенина 39.35 көрсеткішпен күміс жүлде еншіледі. Сонымен қатар 3000 және 1000 метрлік қашықтықта әйелдер арасында Елизавета Голубева алтын және күміс жүлде жеңіп алды. 5000 метрлік қашықтықта тағы бір отандасымыз Алдияр Төлегенов қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасындағы командалық жарыста елордалық спортшылар күміс жүлде еншіледі. Команда құрамында Жәрдембекқызы Еңлік, Дәуранова Алина, Бачурина Диана өнер көрсетті. Командалық жарыста ерлер құрамасы да күміс жүлдегер атанды. Құрама сапында Төлегенов Алдияр, Сәтқожа Азамат және Сағатов Бақдәулет болды.
Айта кетейік, дода 28 наурызға дейін «Алау» мұз айдынында жалғасады. Көрермендер үшін кіру тегін.