Елорда жаңалықтары

Елордада кезекті «Тоқта, вандал» акциясы өтті

Астананың Сарыарқа ауданында қала мүлкінің бүлінуіне жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған «Тоқта, вандал» акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Осы орайда шараға жақында ғана Қытайдың Чэнду қаласында өткен төрт жылдықтың басты додасы - XII Дүниежүзілік ойындарда джиу-джитсудан күміс жүлде алған Нұрсұлтан Дүйсенқұлов және қалалық полиция департаменті, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, мәслихат өкілдері, ерікті жастар қатысты.

«Қаламыздың әсемдігін сақтау өз қолымызда. Бойдағы энергияны жаман әдетке жұмсағанша, спортпен айналысып көпке үлгі болыңыз. Өзім бұндай акцияға бірінші рет қатысып жатырмын. Қоғамдағы әрбір пайдалы акцияға қатысу - барлығымыздың міндетіміз», - деп джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов мегаполистің тұрғындарын тазалыққа шақырды.

Сарыарқа ауданындағы акция бұған дейін де тұрақты түрде өткізіліп жүрді.

«Тек қана Сарыарқа ауданының өзінде «Тоқта, вандал» шарасын үшінші мәрте ұйымдастырып жатырмыз. Бұл біздің апталық жоспарымызға кіргендіктен, тұрақты өткізіледі», - деді Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллин .

Айта кетейік, вандализммен күрес бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында да айтқан болатын.

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, бөтен мүлікті қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік (147-1-бабы) және «ұсақ бұзақылық» бойынша 434-бабы қарастырылған. Сондықтан барлықтарыңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала мүлкіне зиян келтірмеуге шақырамыз», - деп осы орайда Астана қаласының жергілікті полиция басқармасының инспекторы полиция майоры Абзал Әбілдаев заңдағы баптарды түсіндірді.

Шара барысында барша қатысушылар Кенесары ескерткішінің жанында қала тұрғындарына арнайы қағаз таратып, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.