Елорда жаңалықтары

Астанада көпшілік кітапхана жаңғыртудан өтті

Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы аясында №5 көпшілік кітапханасы жаңғыртудан өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңғыртудың басты міндеті қызметтердің сапалы жаңа жүйесін құру, кітапханаларды білім алу, коммуникация және бос уақытты өткізу үшін көп функционалды орталықтарға айналдыру болатын.

Петров көшесі, 14а мекенжайында орналасқан кітапхананың ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының депутаттары мен  кітапхана қызметкерлері қатысты.

Іс-шараға келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты. 

«Бүгін Астана қаласында Петров 14 а көшесінде орналасқан кітапхана жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Кітапхананың ашылу рәсіміне қала мәслихаты депутаттары қатысты. №5 кітапхананың кітап қоры көркем әдебиет, балалар әдебиеті, шетел әдебиеті бар – барлығы 48 мыңнан астам кітаптан құрылған. Кітапхана 15 жастан жоғары жасқа дейінгі азаматтарға қызмет көрсетеді», - деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева.

1974 жылдан бастап жұмыс істеп келе кітапхананың өзіндік ерекшелігі де бар.

«№5 бұқаралық кітапханада 25 жыл бойы «Флора» бөлме өсімдіктерін сүйетіндер клубы жұмыс істейді. Кітапхана өте сирек кездесетін бөлме өсімдіктерімен көмкерілген. Гүлдер кітапханаға ерекше аура сыйлап, келушілермен де ерекше энергиясымен бөліседі. Сонымен қатар, кітапханада өзін-өзі тану бойынша әдебиетсүйер қауым клубы жұмыс істейді . Клуб мүшелігінде мектеп оқушылары мен студенттерден бастап зейнеткерлерге дейінгі оқырмандар бар. Өзін-өзі дамыту тұжырымдамасы өте кең болғандықтан, бірі бизнесті дамытуға қызықса, бірі отбасылық қарым-қатынас туралы оқығысы келеді. Бұл салада өте көп әдебиеттер бар. Осы тақырыптардың барлығын да біз клуб мүшелерімен талдаймыз, бір-бірімізге кеңес береміз. Сондай-ақ кітапханамызда мектеп оқушыларына арналған поэзия клубы жұмыс істейді», - дейді кітапхана филиалының басшысы Татьяна Есина.

Айта кетейік, бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, оқырмандар өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын, демалатын орынға айналды. Сонымен қатар, әртүрлі санаттағы оқырмандар үшін еркін үйірмелер жұмысы ұйымдастырылуда.