Елорда жаңалықтары

Елордада Jasyl el маусымы қалай өтеді

Мемлекет басшысының бастамасымен 2005 жылы Қазақстанда Jasyl el бағдарламасы іске қосылған. Бұл жоба жас қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған, олар еліміздің көгалдандыруы мен болашақтағы гүлденуіне атсалысады. Жобаның биыл елордада қалай өтетіні туралы брифингте Астана қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2025 жылы Jasyl el аясында елордада 5 200 мектеп оқушысы мен студент жұмысқа орналастырылуы жоспарланып отыр. Жоба 4 айға – мамыр, маусым, шілде, тамыз айларына жоспарланған.

Жобаға 14-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Jasyl el-ге алғашқы кезекте жұмысқа қабылданатындар:

1. Балалар үйінен шыққан балалар (жыл сайын қатыса алады);

2. Көпбалалы отбасылардан шыққан балалар;

3. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар;

4. Толық емес отбасылардан шыққан балалар;

5. Полиция департаментінде есепте тұрған балалар және т.б.

Жоба барысында қатысушылар қаладағы орман және басқа да шаруашылықтарда жұмыс істейді.

Жастарға ай сайын 64 564 теңге жалақы және Jasyl el арнайы формасы беріледі. Кәмелетке толмағандар, Еңбек кодексіне сәйкес, аптасына 5 күн, күніне 4 сағаттан аспайтындай, денсаулыққа зиян келтірмейтіндей жұмыс істейді.

«Мектеп оқушылары негізінен мектеп аумағында жұмыс істейді, сондай-ақ жастар қала аумағында жұмыс істей алады, мұнда олар саябақтардағы көгалдандыру мен суаруға, ағаштарды күтіп-баптауға және жинауға қатысты жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар қалалық іс-шараларға, сенбіліктерге, ағаш отырғызуға қатысады.

Биыл Jasyl el маусымының ашылу салтанаты 27 мамырда сағат 17:00-де елордадағы Амфитеатрда өтеді.

Жоба аяқталған соң, тамыз айында еңбек маусымының жабылу салтанаты өтеді, онда үздік белсенділер мен командирлер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«Бағдарлама қазіргі жастар арасында патриотизм, жауапкершілік, дербестік және еңбекқорлық сезімдерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Jasyl el қатысушылары көше, алаң, саябақтарды абаттандырумен айналысады; жасыл желектер отырғызу; су айдындарын тазалау; балалар ойын алаңдарын реконструкциялау; елді мекендердің аумағын санитарлық тазалау жұмысын жүргізеді. Жыл сайын жастардың Jasyl el аясында жұмысқа орналасуға деген сұранысы артуда. Жобаға өтініш берген жастар толық жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі», - деп түйіндеді басқарма басшысы.