Елорда жаңалықтары

Елордада «Іс бастайтын уақыт» ұлықтау рәсімі өтті

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының мектепішілік және студенттік Парламент президенттерін ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлықтау рәсімінде жаңадан сайланған Президенттер өз ұйымының абыройын асқақтатып, елінің патриоты болуға, өз Отанын сүюге, қала мен қоғамның өркендеуіне үлес қосуға, Президент лауазымына кірісе отырып, өз білім ордасының мүддесін қолдауға және лайықты көшбасшы болуға салтанатты түрде ант берді.

«Бүгін мен үшін – ерекше күн. Қатарластарыма тілерім, ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл. Қолға алған әрбір бастамаларыңыз жүзеге асуын тілеймін.  Баршаңызға сәттілік», - деді 10-сынып оқушысы әрі мектеп президенті Әмірали Әлкенев.

Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың белсенді өмірлік ұстанымын және мектептің қоғамдық өміріне қатысуға дайындығын дамыту, оқушыларды өзара біріктіру, мектепте қолайлы, достық орта құру, ұжымшылдық сезімін және өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімге тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық әлеуетін көрсету.

«Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артады. Келешектің тұтқасын нық ұстайтын жас көшбасшылар бүгінгі мектепшілік және студенттік парламенттің құрмында пайда болады деп ойлаймын. Астана қаласының Білім басқармасы білімді, отаншыл жастарды әрқашан қолдауға дайын», - деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Іс-шара қатысушылардың «Туған елім – Қазақстан» ән челленджін қолдаумен аяқталды.

Айта кетейік, 19 қазанда білім беру ұйымдарында мектепішілік және студенттер Парламенті президенттерінің сайлауы өтті. Мұнда 1 540 үміткердің 111-і жеңіске жетті.