Елордада интернет алаяқтықтың алдын алу бойынша меморандумға қол қойылды
Астанада «Alayaq.net» жобасының аясында интернеттегі алаяқтық схемаларының алдын алу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Elorda.info.
Жоба аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жеңіс Аманбеков пен «Медицина жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдіраш ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ынтымақтастық шеңберінде тараптар еріктілерді даярлау жұмыстарын, халықтың, оның ішінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге келісті. Меморандум «Alayaq.net» жобасын іске асыру шеңберінде 5 жылға бекітілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медицина жастары» РҚБ алаяқтық схемалардың алдын алу және жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру жөніндегі «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысын ұйымдастырды. Еліміздің барлық өңірлерінде қозғалыс белсенділері қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған марафондар өткізіп жатыр. Бүгінде дейін аталған іс-шараға 3500-ден астам адам атсалысуда. Сонымен қатар «Alayaq.net» сайты іске қосылды. Оның көмегімен азаматтар интернеттегі алаяқтық фактілері туралы хабарлай алады. Сондай-ақ «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының мүшесі атанып, алаяқтықпен күреске өз үлесін қоса алады, - деді «Alayaq.net» республикалық жастар қозғалысының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков .
Іс-шараға, сондай-ақ, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің, Астана қаласы полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Салтанат Мұрат