Елорда жаңалықтары

Елордада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында 23-27 сәуір күндері Astana Eurasian Book Fair – 2025 VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі болмақ, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Astana Eurasian Book Fair – 2025 кітап көрме-жәрмеңкесін ұйымдастырушы – «Фолиант» баспасы».

«Фолиант» – баспа индустриясында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан көпсалалы қазақстандық баспа.

Astana Eurasian Book Fair – 2025 көрмесіне Қазақстан, Ресей, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Португалия және Қытай елдерінен 70-ке жуық баспа, кітап сату, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады.

Көрменің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.

Көрме аясында төмендегідей іс-шаралар өтеді:

* Балаларға, жасөспірімдерге және ересектерге арналған кітаптардың таныстырылымдары;

* Танымал жазушылармен және ақындармен кездесулер, автограф-сессиялар;

* Кәсіби кездесулер мен пікірталастар;

* Балалар алаңында кітап оқу, шеберлік сабақтары және шығармашылық кездесулер;

* Құнды сыйлықтар ұтысы.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 23 сәуір күні, сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.

Көрме аясында дәстүрлі түрде «Жылдың үздік кітабы» байқауы келесі номинациялар бойынша өтеді:

* Жыл кітабы;

* Үздік дебют;

* Үздік көркем әдебиет;

* Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап;

* Түріксойдың Гран-приі.