Елорда жаңалықтары

Елордада генерал-майор Рүстем Қайдаровты еске алу кеші өтті

Бүгін Астанадағы Қарулы күштер  Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ішкі істер министрлігінің ардагері, генерал-майор Рүстем Қайдаров туралы «Отанға қызмет етуге арналған ғұмыр» атты ерлік сабағы мен еске алу кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған ҰҚК құрметті қызметкері әрі ардагері, генерал-майор Кендебай Адамбек сондай-ақ Ұлттық ұлан ардагерлері мен «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілері қатысты.

Жиналғандар Рүстем Есімханұлы жайлы естеліктерімен бөлісті.

«Біз бүгін «Парасат», «Құрмет», «Достық жұлдызы», «Отанға қызметі үшін», «Еңбегі үшін» ордендерімен және Қазақстан, Ресей, Украина елдерінің отыздан астам медалімен марапатталған, қазақтың батыр ұлы Рүстем Есімханұлын еске алуға жиналып отырмыз. Ол кісінің істеген істері – орасан зор. Рүстем Қайдаров  «Генералдар кеңесінің» негізін қалап, оны өзі он тоғыз жыл бойы басқарды. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының дербестігін нығайту жолында Қарулы күштер мен құқық қорғау саласындағы және арнаулы әскери қызметкерлердің құқықтарын қорғау жолында аянбай еңбек етті. Жалпы еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында оның төккен тері мен еткен еңбегі мол. Оны біз әрқашанда мақтанышпен еске аламыз. Бүгінгі жастар оның асыл қасиеттерін бойға сіңіріп, Отанға, елге қызмет етуі тиіс. Сондықтан да бүгінгі іс-шараға жастарды көптеп шақырдық», - деді «Генералдар кеңесі» РҚБ Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Өміртай Битимов.

Айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын яғни 2019 жылдың 27 желтоқсанында республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал Рүстем Қайдаров ұшақ апатынан қаза тапқан болатын.

Ал 2020 жылдың қараша айында  Рүстем Қайдаровтың құрметіне Алматыда өмірінің соңғы жылдары тұрған үйінің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.