Елордада Этномедиация орталығы қалай жұмыс істейді
Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының Этномедиация орталығының осы бірінші жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Орталық этносаралық келісімді нығайту, диалогты дамыту және жанжалдардың алдын алу бағытында белсенді жұмысын жалғастырып келеді.
Жыл басынан бері студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық медиаторлардың қатысуымен 5 ірі іс-шара – семинарлар, тренингтер және онлайн-марафон ұйымдастырылды. Биыл жастарға ерекше көңіл бөлінді – студенттердің қатысуымен арнайы тренингтер өткізілді. Жалпы, бұл іс-шараларға 300-ден астам адам қатысты.
Этномедиация орталығы келіссөз жүргізу тәсілдерін, медиативтік құралдарды меңгеру және этносаралық төзімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік оқыту бастамаларын белсенді түрде дамытып келеді. Сабақтарды халықаралық біліктілігі бар тәжірибелі мамандар – профессорлар, медиатор-тренерлер, дау-жанжалдарды реттеу саласындағы сарапшылар мен халықаралық кәсіби қауымдастықтардың мүшелері жүргізеді.
«Этномедиация – бұл тек даулар мен жанжалдарды шешудің тиімді құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамымызда диалог мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі. Біз этномедиация арқылы бір-бірімізді тыңдауға, айырмашылықтарды түсінуге және ең күрделі жағдайлардың өзінде де өзара түсіністік табуды үйренеміз», - деді Астана қаласы ҚХА этномедиаторы Роза Бекішева.
Орталық этномедиаторлар тізімін жаңартты: бүгінде елордада 18 маман, оның ішінде 6 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Биыл орталықтың іс-шараларына қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артты. Медиация мен құқықтық кеңес алуға келіп түскен өтініштер саны да өскен.
Орталық үкіметтік емес ұйымдармен, жоғары оқу орындарымен және мемлекеттік құрылымдармен серіктестікті жалғастыруда. Болашақта онлайн-форматтарды кеңейту, қаланың барлық аудандарын қамту және оқытудың жаңа тәсілдерін енгізу жоспарланған.